Жарым

Абылай Есімбай — жас жазушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, “Кедей қызы” прозалық кітабының авторы. Шымкент қаласының тұрғыны. 1994 жылы Түлкібас ауданында туған. Қазіргі таңда Oinet.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы.

 

Жарым

 

Аяз қойны-қонышын кеулеп барады. Жарым үйінен желең шығып еді. Жер көкпеңбек мұз. Пеш түбінде жатқан етікті шұлықсыз кие салғандықтан ба, аяғы аяқ емес, тас боп икемге келмей барады. Секірді. Тағы секірді. Бойы аздап жылынғандай болды. Түн ортасы болғасын көшеде тірі жан жоқ. Жарым елегізи бастады. Үйіне қайтқысы келді. Бірақ, болмайды. Алақанын үрлеп бетін ысқылады. Бас киім киіп шыққаны дұрыс болыпты. Әйтпесе, мына суыққа төтеп бере алмай бүк түсер еді. Аспанға қарады. Ай көрінбейді. Ай түгілі, әшейінде шыпырлап тұратын жұлдыздардан біреуі де жоқ. Тек, қап-қара бұлт қана қалқып жүр. Жарым үйіне көз жіберді. Терезеден жанып тұрған жарықты көрді. Ішінен: «әлі ұрысып жатқан шығар» деп ойлады. Қалқып жүрген бұлттарға қарап ойға батты.

* * *

Ес білгелі бері ата-анасының ұрысына куә болып келеді. Бір ғажабы, ұрыстары еш бітпейді. Өзге үйлерге барса, бір-бірімен емен-жарқын сөйлесіп отырған ерлі-зайыптыларды көреді. Сондайда: «апыр-ай» таң қалушы еді. Бұрын Жарым әйелі мен күйеуі күн сайын жанжалдасуы керек деп ойлайтын. Қалыпты құбылыс санайтын. Кейін білді ғой, тек, өзінің ата-анасы ғана бет жыртыса береді екен. Кейде ұрысқаны былай тұрсын, бір-біріне қол көтеруге дейін барады. Сондайда Жарым не істерін білмей дал болады. Жәутеңдеп ағасына қарайды. Сонда өзінен бар болғаны екі жас үлкен ағасы Сынық бұны бөлмесіне жетектеп алып кетеді:

– Олар қазір қояды. Осында отыр.

«Олар қазір қояды». Осы сөзден соң көкірегіне үміт ұялады. Бәрі біткенін қалады, тыншыса екен деді. Бірақ, ата-анасы еш тыншымайды. Ауыздарына ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады. Бір кезде анасының ащы дауысы шықты:

– Оңбаған… Бастан ұрғаның не? Сүмелек… Кет, кет деймін…Сынық, Жарым, құтқарыңдар, — деп айқай салды. Онсыз да көжек секілді қорқып отырған Жарымның ащы айқайды естігенде жаны қалмады.

– Жап ауздыңды, болды, – деп әкелері гүр етті.

– Ойбай, көмектесіңдер, мынау мені өлтірмекші.

«Өлтірмекші?» Жарым төсегінен атып тұрды. Тістеніп алған. Енді болса атылғалы тұр еді:

– Сен осында күт. Қазір келемін, – деп көзіне жас толып кеткен Сынық қонақ бөлмеге қарай жүгіре жөнелді. Жарым өзін аз да болса жеңілдеп қалғандай сезінді.

– Қойыңыздаршы болды, не жетпейді сіздерге?

Жалынышты үн.

– Мына әкеңе жетпейді. Мен аздай, сендерге екінші мама әкелмекші!

Табалаңқы үн.

– Баланың көзінше не деп тұрғаныңды білесің бе, ақымақ?

Ашулы үн.

Ары қарай шарт-шұрт, тарс-тұрс… Шыр-пыр болып бірдеңе деп жатқан Сынық… Жарым құлағы тұна бастағанын сезді. Бір уақта көзі ілініп кетті…

…Оянса таң атып қалыпты. Бөлме іші жап-жарық. Тып-тыныш. Інісінің оянғанын күткендей есікті жаймен ашып ағасы кірді. Үстінде кірлеп кеткен мектеп формасы.

– Тұрдың ба? — деп інісінің басынан сипады. – Қазір мен мектепке кетемін, Жарым. Қарның ашса нанға май жағып же. түсіндің бе? — деп сөмкесіне екі елі шаң басқан сөредегі жыртық-жамау кітаптарды сала бастады.

– Мамам қайда? – деді Жарым. Дауысы тарғылдана шықты. Сынық селк ете қалды. Түнде анасы «мені әкелерің өлтірмекші» деп айқайлап жатыр еді. Сол сәт жадында қалып қойыпты. Інісіне ойлана қараған ағасы:

– Үйде ғой. Бірақ, оны мазалама. Ол ауырып жатыр, – деді.  Сөйтіп, сөмкесін асынып үйден шықты. Қолында нан бар. Үсті жабылмай қалып кеткесін бе, қатып қалыпты. Соны қытырлатып жеп барады. Дала ақ-сұр тұман. Сынық бұл тұманнан қара ноқат секілді көрінді. Тіпті, бір кезде көзден ғайып болды… Еңсесі езіле бастады.

…Үй іші астаң-кестең болып кетіпті. Әр жерде домалап жатқан жарамсыз вазалар. Кеше әке-шешесі сындырып тастапты. Қонақ бөлмеде анасы жоқ. Асханада да жоқ. Қарны ашқанын сезді. Газда тұрған шәугімдегі жылымшы суды ішіп алды. Құсқысы келгендей болды. Шәугімдегі су қақ татып кетіпті. «Қарның ашса нанға май жағып же» деп еді Сынық. Тоңазытқышты ашып еді, іші бос. Тек, бір шетте сары май тұр. Дастарқандағы қатқан нанға жақты. Әзер жақты. Май да, нан да тастай. Әзер жеді. Түк те тоймады. Ішінде елсіз жатқан жерлер көп екен. Сосын, анасын қайта іздеуге шықты. «Осында шығар» деп ең түпкі бөлменің есігін ашты. Анасы еденде жатыр екен. Бүйірі солқ-солқ етеді. Көз жасына ерік берген секілді.

– Мама, – деді Жарым. Бірақ, шешесі қарамады. Бетін қос қолымен жауып алған.

– Мама, – деді Жарым тағы. Естілер-естілмес. – Қарным ашты. (Ыстық тамақ жемегелі қай заман)

«Қарным ашты» дегені әсер етті ме, Мира орнынан қиралаңдап әзер тұрды. Жарым осы мезет анасының жүзіне қарап еді, жүрегі дір ете қалды. Анасының басына қара қан қатып қалыпты. Көзі көкпеңбек болып ісіп кеткен. Қасы жарылыпты. Жарым дауысы дірілдей:

– Сізге не болған, мама? – деп әзер сұрады.

– Ештеңе.

Сол мезет Жарым өз-өзін ұстай алмады. Көзінен жасы пора-пора болып ақты. Еркелікпен емес, жаны ауырып жылады. Үнсіз. Еркелікпен жылауды қойғалы қашан. Сол кезде бес жасар бала бір сәтте есейіп кетті. Ағасы Сынық та өзге балалардай емес, салмақты. Ешқашан құрдастары секілді жадырап күлмейді. Көзінде мұң бар. Мына өмірге өкпелі секілді. Жарым кішкентай болса да, ағасының сол бір күйін оңай аңғарушы еді. Ол балалықпен ерте қоштасты. Жасына жетпей ерте есейді. Өзге балалар жаздай жайнап жүргенде, бұл күз секілді. Тұнжыраңқы. Көңілсіз. Екі иығында зіл бар. Кешқұрым достары ойнауға, көшені аралап қайтуға шақырса, Сынық шықпайды. «Бүгін қолым бос емес, жұмыстар бар» дейді. Әрине, сөздері жалған. Ешқандай жұмыстары жоқ. Сонда да болса өтірік айтуға мәжбүр. Достарымен ойнағысы-ақ келеді. Бірақ, ата-анасы бір-бірін жеп қоя ма деп қорқады. Інісі кішкентай. Араша түсуге шамасы жетпейді. Әкесінің ашуы қатты. Егер қатты ашуланса анасын ыстық үтікпен ұрып жіберуден тайынбайды. Тіпті, анасы мен әкесі бір-бірімен бір айдай мүлдем сөйлеспей қойған. Дастарханда отырғанда шыбын ызыңы естіледі. Екеуі бір-бірі үшін жоқ сияқты. Жарым үшін ең ауыры осы еді.

…Мира былтыр кезекті ұрыстан соң төркініне кетіп қалды. Себебі, әкесі сол күні үйге таңертең бір-ақ келді. Екі тәулік өткен соң. Екі күн, екі түн үйге қонбады. Анасына бұл жай ауыр тиген болуы керек әкелері Ожарды бетінен шапалақпен тартып жіберді. Шырпыдай тез тұтанатын күйеуі Мираны құлақ шекесінен ұрғанда шалқасынан түсті. Сонда да ашуы қайтпаған Ожар:

– Тұр, – деп гүр етті. Бірақ, ол тұрмады. Былқ-сылқ болып жата берді. Ет қызуымен не істегенін енді аңғарған болуы керек, Ожар сасқанынан:

– Мира, Мира, тұршы, – деді. Дауысы сондай аянышты шықты. Өкініш һәм қорқыныш аралас. Жан-жағына алақтап қарады. Анадай жерде состиып тұрған бұларды көргенде:

– Сынық, Жарым… Не ай қарап тұрсыңдар? Бар, бір кесе мұздай су әкеліңдер. Тез, – деді ашулы үнмен.

Ағасы екеуі бір-бірімен жарысқан күйі тапырақтай асханада газ түбінде тұрған жарты шелек суды бір-ақ әкелді.

…Әзер дегенде есін жидырды. Шамасы, Мираны өлтіріп алдым деп емес, темір торға қамалатын болдым деп жаны қалмаған болуы керек. Күйеуінен дәл мұндай соққына күтпеген Мира:

– Айуан! Қатыннан басқа ешкімге әлі келмейтін сорлы, – деп жатын бөлмесіне сүйрелеңдеп жылжыды. Арада біраз уақыт өткен соң абажадай сөмке алып шықты.

– Кетемін, – деді Ожарға. Ол болса ештеңе болмағандай:

– Кетсең кет, – деді. Ешқандай сезімсіз. Шамасы, Мира күйеуі кешірім сұрайды, «кетпеші» деп аяғыма жығылады деп ойлаған болуы керек, «енді не істеймін?» деп бөгеліңкіреп қалды. «Кет» деген жауапқа әзір емес еді. Ойлана келе,  ол Жарымды өзімен бірге алып кететін болды. Тіпті, Сынықты да алып кетер ме еді. Бірақ, болмады. Үйден шыққанда Жарым артына қайта-қайта қарай берді. Сынықты соңғы рет болсын көргісі келген. Бірақ, ағасы қас қылғандай сол күні сабақта болатын. Жаны жабырқады.

…Әкесі үш күн өткен соң ғана бұларды іздеп келді. Үш күн өткен соң ғана. Сонда сонша уақыт бұл әкесіне керексіз болғаны ғой. Сонда да болса келгеніне мың да бір шүкір. Ал, келмей қойғанда ше? Әкесі жалғыз келмепті. Қасында ағасы Сынық бар. Жарым қуанып кетті. Құлдыраңдаған күйі ағасын құшақтай алған. Сынықта қуанышты. «Қалайсың, Жарым? Қалайсың?» дей береді. «Қалайсың?» Сол кезде көзі жасқа толды. Ағасынан ғаламат бір мейірім лебі есіп тұрды. Сынықсыз мына өмір тарқап кеткен базар секілді екен ғой. Сұрықсыз. Анасының төркінінде 3 күн емес, 3 жыл жүргендей күй кешкен. Өзіне қамқор ғой, бірақ, анасы үшін иттен айырмашылығы жоқ әкесі мен жанашыр ағасы екеуін қатты сағыныпты…

Ожар өлердегі сөзін айтып Мираны қайта алып қайтты. Олар сонда түнде жол бойындағы тапшан-кафеге тоқтап, толыққанды «семья» болып қой етінен пісірілген кәуап жеп, майлы сорпа ішкен. Сонда ол ерекше бақытты еді. Анасы мен әкесі тату-тәтті отыр. Балаларының басынан сипап қояды. Шіркін, осындай сәттер көп болса, ұзаққа созылса ғой.

Бет жуатын тамдағы (Өзі солай атайды, үйдегі барлық бөлмеге түрлі аттар қойып алған: «Ауқат ішетін там», «бітпеген там») айнадан әлем-жәлем түрін көрген анасы үнсіз өксіді. «Өле қал» деп күбірлей берді.

– Мама, неге сіздер ұрса бересіздер?

Анасы үндемеді. Жарымды бауырына қысып үн-түнсіз отыра берді. Бала өзін жайлы сезінді. Анасының құшағы сондай жылы. Әкесіне жыны келді. Неге анасын қадірлемейді? Неге анасын алақанында аялап ұстамайды? Екі үй ары тұратын досы Нұрлан сондай бақытты. Оның әке-шешесі бір-бірін ерекше сыйлайды. Жарым Нұрланға ойнауға барғанда жиі байқайды. Нұрлан егер бір жаққа шығатын болса анасынан сұранады. Ал, анасы: «әкеңнен сұран» дейді. Әкесі сондай мейірімді жан. Жібере салады. «Баланы еркелете берме, бетімен жібермесеңші, отағасы-ау» деген анасын да ренжітпейді. «Бала ғой, еркін өссін» дейді. Не деген сыйластық. Ал, өзінің ата-анасы ше?

…Сол күні әкелері кешке үйге келмеді. Күнделікті жайт. Бірақ, бұл жолы Жарым елегізи бастады. Бұрын бұлай елегізімейтін. Әйтеуір, өзін нашар сезінді. Жүрегі бірдеңені сездіретін секілді.

– Мама, әкем қашан келеді?

– Келмейді.

– Неге?

Әшейінде Ожар туралы тіс жармайтын Мира:

– Әкелеріңнің сүйіктісі бар. Түні бойы сонымен бірге болады, – деді. Дауысы ашына шықты. Жүрегінде күйеуіне деген бір түйір сезім қалмағандай.

– Сіз ше?

– Мені баяғыда ұмытты. Ол үшін мен мүлде жоқпын, адам емеспін.

Жарым әкесінің сүйіктісі бар дегенге сенбеді. Дұрысы бар екенін сәби жүрегімен сезеді, бірақ, сенгісі келмеді. Бұл дүниеде аналарынан асқан адам жоқ қой? Неге ол басқаға барады? Анасынан әкесі туралы жылы сөз ести қоймасын білген соң, ағасына мүләйімси тіл қатты:

– Сынық, әкей бүгін үйге келе ме?

– Иә, келеді.

Бірақ, Сынықта өз сөзіне өзі сенбеді. Даусы сенімсіз шықты. Інісін алдап жатқанын түсінді. Бірақ, өзгеге үміт сыйлау үшін жалған сөйлеуге мәжбүр. Ол інісін талай рет алдады. Өзге отбасыларды тетелес ағалары мен інілері ит пен мысық секілді. Қашан көрсең бір-бірімен бірдеңені бөлісе алмай, сыйыспай жатқаны. Ал, бұлар олардай емес. Сынық інісін жанындай жақсы көреді. Әке-шешесінен ала алмай жүрген мейірімді інісіне бергісі келеді. Інісінің жәудіреген жүзін көргенде жанын қоярға жер таппайды.

…Түн. Сағат тілі мүлдем жылжымайды. Аналары әкелерін әбден күтті. Ұйықтамай. Бұлар да күтті. Жарым алаңдай бастады. Жаман ойлар санасын шырмап алды. Өзін ешқашан бүтін сезінбепті. Бірдеңе жетіспейтіндей күй кешеді, ылғи. Жаны жарым. Анасы да жарым. Күйеуге жарымадым дейді. Жарым отбасы. Бірақ, әкелері бұларды жақсы көретін секілді. Дегенмен жақсы көретінін білдіре бермейді. Себебі, ол ішінде ит өлген адам.

…Түн жарымда әкелері келді. Есік сылдырап жатқанда, аналары қуанып кетті. Жарым бұны сол мезетте-ақ байқады. Ал, әкелері үйге кіріп келгенде, анасы қуанғанын білдірмей, түсін лезде суытты:

– Сол салдақыңмен бірге болып келдің бе?

– Қой болды, – деп Ожар «әңгіме бітті» дегендей әйеліне қолын бір сілтеп ауқат ішетін тамға өтіп кетті. Соңынан бірге ілесе кірген Мира онымен ашық сөйлескісі келетінін айтты. Ожар болса ләм-мим демеді. Үн-түнсіз газет оқып отыра берді. Әйел үшін елеусіз қалғаннан артық қандай қасірет бар?

– Ажырасамын, – деді Мира бір кезде. Шыдамы шегіне жеткен секілді.

– Ажырассақ ажырасайық, – деді Ожар. Ол да бұл ырың-жырыңнан мезі болғандай. Екеуі де.

Жарым мына сөздерден кейін жылағысы келді. «Қалай сонда, олар екі бөлек тұра ма? Сонда біз Сынық екеуміз де екі жаққа ажырап қалатын болдық па? Жоқ. Дәл қазір мен бірдеңе істеуім керек».

Жарым күртешесін киіп алды. Енді қалпағын басына қондырғалы жатқанда кітап отырған ағасы:

– Қайда? – деді.

– Дәретханаға.

– Жарайды. Көп отырма. Тезірек қайт.

…Бірақ, Жарым қайтпады. Көшеге шықты. Аяз денесін қармап алды. Жылынғысы кеп көшені бойлай жүгірді. Аяз бет қаратпай тұр. Жүгіре-жүгіре терлеп кетті. Бірақ, маңдайынан аққан тері мұз боп бетін тітіркендірді. Мынандай күнде үйде отыра бермеді ме? Бірақ, ол үйінен әлдеқайда алыстап кетті. Жан шақырмақ оймен ық жер іздеді. Оң жағында әлдебір мекеме қараяды. Жақындап кеп қарап еді, емхана екен. Есігі ашық тұр. Ол мұнда талай келген. Анасымен бірге. Осында аядай бір бөлмеде отыратын дәу доқтыр әйел бұған жиі ине салатын. Сонда жаны көзіне көрінуші еді…

Ол қорқақтай ішке кірді. Бірақ, тек, ауызғы бөлменің есігі ғана ашық екен. Қарауыл ұйықтап жатқан секілді. Есікті жабуды ұмытып кеткені қандай жақсы болған. Жылы жерге кірген соң ба, Жарым сол жерде маужырап ұйықтап қалды. Тас еденде…

…Жап-жарық бөлмеде жатыр. «Қайдамын?» деп ойлады. Орнынан тұрмақ болып еді, аяғын қозғалта алмады. Біраз әуреленді. Болмады. Бір уақта күбір-күбір еткен дауыстар естілді. «Бұлар кімдер?» деп басын әнтек көтеріп еді, өзінің ата-анасы екен. Жарым таң қалды. Шешесі ебіл-дебіл боп тұр, ал, әкесі оны құшақтап алыпты. Мұндай көріністі бірінші рет көріп тұрғасын ба, таңданысында шек жоқ еді. Олар Жарым басын көтергенде қуанып кетті:

– Жарым, Жарым, жаным…

Жарым жылы жымиды. «Мама, қойшы болды, жыламашы» демекші болып еді, тілі мүлдем икемге келмей қойды. Дауысы шықпайды. Тамағында бірдеңе тұрған секілді. Анасы:

– Жарым, бірдеңе деші, – деп шыр-пыр болды. Ал, әкесі баласының басын күректей алақанымен сипалай берді. Үнсіз егілетіндей ме, қалай?

– Ажыраспаңыздаршы, – деді. Аузына алғаш түскен сөз осы еді.