Қарашаға табысталған жүректер, Қалт-құлт еткен қарға қанат қақтырды…

Сезім Мергенбай — жас ақын, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенті. Шымкент қаласының тұрғыны. 2001 жылы 2 желтоқсанда Түлкібас ауданында дүниеге келген.

 

***

Қарашада құлпытасын қойсақ та,

Қоқиланып бақсы үміттер бей шақта

қарқ етеді. Жалп етеді тыныштық,

Қылымсиды сайқал ойлар… Е-е-ей, сотқар!

 

Қала кезген диуанадай дәт мұңды,

Қай мезетте мағзұм тағат таптырды?

Қарашаға табысталған жүректер,

Қалт-құлт еткен қарға қанат қақтырды…

 

Қиясына тағдыр қиып қилы жол,

Қырқасынан мың бір тәмсіл түйдік әр.

Қоңсы мұңды көңірсітіп қараша,

Құлдилайды тұңғиыққа күй мұнар.

 

Қара мысық кесіп өткен жолым бар.

Қоңсы мұңнан жаным алқа тағынған.

Қапысызыда мөлт ететін мұғжиза

Қара түннен жанарымды табыңдар…

 

Қоңыр күйді сарғыш сағым сызғылап,

Қоздайды ғой сағынышым. Күзгі бақ

қарт жапырақ үзіп алып сүртеді

қара көзді. Жұбанбаймыз біз бірақ.

 

Қалтаң толы жапырақ қой, мәуелім,

Қайта қостым Бетховеннің әуенін.

Қарсы маңда Шопен жылап тұрса да,

Қарғыс айтып әлдилейді неге өлім?!

 

Қалш-қалш діріл бойды билеп баяғы

Қыңыр болмыс сары шерге боялып,

Қамқор үнмен ыңылдайды Нұрғиса,

Қалдаяқов көзін тырнап оянып…

 

Қоңсы үміттер көтерместей қайта бой,

Қараша мұң, айт датыңды! Айта ғой!..

Қаза болған үміттерді оятып,

Қытықтайды сонсоң қайта сайқал ой…

 

Қарғыс айтып әлдилейді…

Қап!

 

***

АЯУЛЫМ

 

Сен өз анаңның, мен аналарымның жанарындағы мөлтек ек…

Жарықшақтанған жалқы сезімдер желкелеп,

жартыкеш ойды қатпар жанымның иллюзияларына көмеді.

Мен сені ғана құлай сағынғым келеді.

Күллі жаһанның жезөкшелерін ақтап ала алсам, иә, мен

Көп жазушыдай ынтықтырар ем, болмысын бояп сиямен.

Қоғам қалаған утопиядай, жаным қалаған көп ойды,

Әдеттегідей түн кебініне орайды.

Сені ойлар болсам, ұлт шеңберіндегі ең ұлы ойлардан баз кешем

Жазуға менің потенциалым жете қоймайды жаз десең.

Туа салысы санаға сіңген ойлар қажытты.

Қайғылы.

Ой революциясын жасауға ұмтылып қай күні

уикипедиядан «Сезім» дегеннің не екендігін іздедім,

уикипедиядан «Әзіл» дегеннің не екендігін іздедім.

Сезім дегенің – мен ойлағандай аса ұлы нәрсе емес қой

Әзіл дегенің – көмескі ой.

Еңкілдей бермей, екіленбей-ақ сүйіп қалуға бола ма?

Еркіндігіңе балта шаппай-ақ биікті алуға бола ма?

«Сезім» ұғымын түбегейлі алып тастасам ба екен санадан,

Дерексіз дүние тұл тағдырыма термин боп енсін жаңадан.

Оптимизммен, пессимизмге құралған күндер тізбегін,

Уикипедиядан келіп отқаны іздегім.

Бұрнақы күн мен буалдыр күннің ортасын «бүгін» дейді екен

Жүрек үніміз жақын жанасып естілер саф сәт қайда екен?!

Аяулым…

 

***

ӨЛІАРА

 

Тоз-тоз етті кеудеден күлдіретіп,

Шақпақ дем мәпелейді.

Санам лоқсып, иегім дір-дір етіп,

Беймаңға жетелейді.

Сырға берік, Өліарам!

Мұңға жерік.

Отаны – уәжімнің.

Ағыл-тегіл аспанның құндағы еріп,

Құбылып, құлазырмын.

Бозғылт өң сұр даламен көрісіп қап,

түсіме сұр түс кірер.

Шер дендеген сезімді жел ұшықтап,

Төбемнен бұлт үшкірер.

Қойды үйіріп әлек қой қойшы ағалар,

Әлекпін ойды үйіріп.

Жынды қуған бақсыдай жай сабалар,

Өртіме май құйылып

Санам құсар көк тұман, көп күнәні,

Сезімдер қайта түлер.

Меккені жеті айналған жоқпын әлі,

Аңыз ғып айтатын ел

Мен сонда да қажымын.

***

АЛДАМШЫ

Шырғалаңы көп шіркеу қоғамнан шекесі қызған шаттықты,

іздедің неге?

Іздедім неге аптықтым?

Керенау күйде қасиетсіздеу сезімдерге де жол беріп,

Жолсызда жүрдік жолсерік іздеп сенделіп

Айқұш та ұйқыш тәңірдің қолын пешенеңнен-ақ оқимын,

Оқимын…

Оқып не түйдім?

:

Сүйіспеншіліктей сүйісуде де мән барын,

Жолсерігі бар жол барын

Риясыз күліп, риясыз сүю мүмкінін,

Сағына қалып тамшы үзетінін кірпігім

-,

Оқығым келген

…тәңірдің қолы алдамшы.

Алдамшылықтан ада күйіңде сен қалшы…

Құлай да құлай сүйетінімді сүйгесін,

Құлай да құлай сүйетініңді сүйгесін

Сезінудің де өзі бар ғажап! Өзі бар ғажап күй кешу!

Сүйіктілігіңді сезген сәт,

Кеңістіктермен кеңістіктерде кең құлаш жаяр кезді аңсап

Құзар биіктен қорқыныш жұтпай қанатын еркін жайғандай,

от құшағыңа құлап кетер ем ойланбай

…өмірде бәрі алдамшы,

Алдамшылықтан ада күйіңде сен қалшы…

 

***

ТАҒДЫР

 

Пешенеңе періштелер қашап па перғауын мұң?

Сүре жолда сүреңсіз жан жаси ма?

Сенің жаның шерсоқты,

мен де бір кембағылмын,

Кешелері мағына болғансиды, ә?

 

Мағына іздеп не таптық

мәтін жазып?

Жанымызда мөлдір мұң малдас құрды.

Бір сағыныш кеудемде отыр қажып,

Сен ойламай жүрсің бе алғашқыңды?!

 

Құдайға да сене алмай, Ұмайға да,

Көсір ойым көшені шыр айнала…

Сағынышымды кестелеп күн райына,

Сағат санап өткізер күнім барын

кім ойлаған?!

(Мен білмедім)

 

Жалпақ тілмен жасап алып сезімді көсілер ме ем,

Жалпақ сөзге сыймайды

О, қайткенің?

Саған бәлкім ұнайды әсіреулер.

Мен өтірік айта алам!

Неге өйтпедім?!.

 

Неге сонша аңсаймыз жазда жауар жаңбырды біз?

Тамшылармен, о, бәлкім жан ымдасар.

Біз құрсақта жатқаннан «тағдырлымыз»

Ал мен тағдыр жазып көргім келіп жүр…

…қолым нашар.

 

Пешенеге періштелер қашай ма перғауын мұң?

Біз де жазып ойнайық

Кел, Қадірлім!

 

***

 

САЛТОШ

 

Ала тақтада қара да болам ақ болам

Салтанат Мадиярқызы

Салтош!

Әлқисса өлеңді пешенеңізге шимайлап,

Пендеуи,

шолақ пәлсапаларға ми қайнап,

Хақ сиясына қауырсын малтып мөлт еттіз.

Тура тағдырдан тайғанап кеттік әнтек біз.

 

Салтош,

Ақ жүрегіңіз қанталап жиі қалады,

Адаспай сонсоң құдайын іздеп табады.

 

(Ала тақтада тайғанап жүрген тағдырды,

Құдайым ұмыт қалдырды.)

 

Бойыма қарғып шерлі күй

еңсем езіліп,

Өліараларда өлікке ұқсап көз іліп,

Көкірегіме өкініш күйікті із салып,

Сыздауық сағым өзегін өксік күз сорып

Көлденең күндер көзді арбап,

көңілді өлтіріп,

Іште өлген ілкі ықылық атып солқылым

Жанардың тағы сығып алсам да тұз суын,

Әлдебір ойдың бағындырсам да құз, шыңын

Сізді іздеп тұрам неге осы?

Құдайдың қымбат кәдесі.

 

Жаным азынап, жүрегім жаурап жеткемде,

Құдайды ұмытып кеткемде

Ақ жаныңызға әлпештеп сезімдерімді,

Тыншытып сонсоң көңілді

Сабама түсіп қайтушы ем,

Салтош,

Бізді егер құдай жолықтырмаса қайтуші ем?

 

***

СЕЗІМДЕРДІ ЖОҚТАУ

 

Жылап отырып Құдайды еске алам,

Құдайды еске алам Құдайды.

Жанардан бұлай-бұлай жас тарам,

Шарап ішкен де ұнайды.

Ұнайды маған жек көрініштер,

Кектеніп іштен өртену.

Көз көзесінен көп төгілістер,

Жүйке тамырымды шертеді

еңкіл де еңкіл күй қылып.

Мінезді мүше шоқты үріп іштен,

Сала бастайды қиғылық.

Алай да дүлей дүбәрә халде,

Өліара кезген қаңбақтай

жүргенім жүрген.

Бірақ әлемге

сезімдерімді қорлатпай

Өлең жазғанмын,

Мола қазғанмын

Жұмыр етімнен қуықтай.

От жалмай салды о қағаздарды,

Сабан кемірген тұлыптай.

Шерім бар менің көзімде күлгін,

Сағынышым бар аһ ұрған.

Шетінеп кеткен сезімдерімнің

Басында аят оқыңдар!

Шетінеп кеткен сезімдерімнің

Басында аят оқыңдар…

(Ағузу…)