Уролог: «Қазір несеп тас ауруымен жастар көп ауырады»

Фото: Ашық дереккөзден
Урология —несеп шығару жолдары мен ерлердің жыныс жүйесіндегі ауруларды зерттеу және емдеу жолдарына бағытталған медицина саласы.

Бүгінде Ақтөбе облысында бұл саланы зерттеп, науқастарды емдейтін бір ғана мекеме бар. Ол — Ақтөбе медициналық орталығының урология бөлімшесі. Мұндай бірегей бөлімше әзірге өңірдегі бірде-бір медициналық ұйымда жоқ. Мұнда облыс тұрғындарына шұғыл және жоспарлы түрде мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда аталған бөлімшеде 30-ға жуық науқас ем алып жатыр.

Біз Ақтөбе медициналық орталығының урология бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер-уролог Қуаныш Сүлейменовпен бүйрек, қуық, несеп жолдарының және ер адамдардың жыныс жүйелерінің ауруларын емдеу әдістері туралы әңгімелескен едік.

— Алдымен бөлімшенің жұмысы, жетістіктері туралы айтып берсеңіз.

— Ақтөбе медициналық орталығында урология бөлімшесі 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы аурухана ашылғанға дейін бөлімше Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің медициналық орталығының базасында болды. Осы күнге дейін бірнеше мыңдаған адамның ауруынан айығып, қалыпты өмірге қайта оралуына өз үлесімізді қостық. Жылдан-жылға бөлімше жұмысы дамып, заманауи әдіс-тәсілдердің көмегімен науқастарға мейлінше шұғыл әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге бар күшімізді салып келеміз. Бүгінгі күні бөлімшемізде меңгерушімен қоса, екі дәрігер-ординатор Ғалым Ермекбаев пен Нұрлыбек Елдесбаев, сондай-ақ Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің урология кафедрасының қызметкерлері еңбек етіп жатыр. Олардың қатарында профессор, денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санатты уролог-андролог дәрігер Олег Құрманғалиев, кафедра жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, денсаулық сақтау ісінің үздігі Марат Сарқұлов, кафедра оқытушылары — Нұрлан Айтжанов, Әлішер Мұқаш,медицина ғылымының магистрі Талғат Имжаров сияқты азаматтар бар.

Қазіргі таңда урология бөлімшесі қажетті заманауи технологиялармен жабдықталған. Мәселен, бүгінгі күні біздің бөлімшеде бұрын-соңғы облыста болмаған, Швейцарияда шығарылған бүйрек және несеп жолдарының тастарын уататын соқпа толқынды дистанционды литотриптор («Litoclast star»),«Karl Storz», «Richard Wolf» лазерлі литотрипторлары, «Olympus» фирмасының трансуретральды резектоскоп аппараты бар. Біз бұл аппараттардың көмегімен бүйрек немесе несеп жолдарындағы тасты дистанционды әдіспен немесе жанама әдіспен уатып, ота жасаймыз. Негізінен, біздің орталыққа ота жасатушы науқастар портал арқылы келеді. Шұғыл түрде келіп ем алатын, сондай-ақ ақылы түрде ота жасататындар да бар. Жалпы, урология бөлімшесі аптасына жеті күн және тәулік бойы үздіксіз медициналық көмек көрсетеді. Біздің негізгі міндетіміз — бүйректің, несеп жолдарының және ер адамдардың жыныс жүйелерінің ауруларын хирургиялық емдеу.Ал бүйректің терапиялық ауруларын нефрология бөлімшесі емдейді.

— Біздің медицинада әлі күнге дейін несеп жолдарындағы тастардың пайда болуы жөнінде көптеген зерттеулер болғанымен, халықтың аурушаңдық деңгейінің азаюы байқалмайды. Жалпы, бұл ауру неден пайда болады? Облыста осы аурумен келіп, ота жасататындардың үлесі қандай?

— Соңғы жылдары орталыққа келіп емделушілердің 30-40 пайызы —осы несеп тас аурулары. Сондай-ақ 40 пайызы қуық асты безінің қатерсіз гиперплазиясы болса, 20 пайызы — жыныс жүйелерінің аурулары.

Несеп тас ауруының жалпы статистикасына келсек, дүниежүзіндегі халықтың орташа есеппен 3 пайызы осы аурумен ауырады. Ал кейбір елдерде бұл көрсеткіш 10 пайызға дейін жетеді. Бұл аурудың тек әлеуметтік қана емес, экономикалық жағы да бар. Өйткені несеп тас ауруымен жұмысқа қабілетті жастар көп ауырады. Осы аурумен медициналық көмекке жүгінетіндердің негізгі жас ерекшелігі — 25-50 жас аралығы. Негізінен, несеп тас ауруы ағзадағы зат алмасудан болатын бұзылыстардан, даму кемістіктерінен, зәрдегі тұздардың концентрациясының артуынан болады. Тіпті күнделікті біздің ішіп отырған суымыздың да физика-химиялық құрамындағы қандай да бір өзгерістерге байланысты несеп жолдарында тастың пайда болуына әкелуі мүмкін. Себебі судағы қандай да бір микро және макроэлементтердің балансының бұзылуы да бүйректе тастарды түзуі мүмкін. Мысалы, зауытта жұмыс жасайтын адамдарда, шахтерлерде көп терлеу, сусыздану жағдайында зәрдегі тұздардың концентрациясының артып, несептегі тұздардың көптеп шөгуіне және соның салдарынан несеп тас ауруының дамуын жеделдетуі мүмкін.

Жалпы, бұл ауру ерте анықталған жағдайда оны емдеу қиынға соқпайды. Өкінішке қарай, біздің орталыққа науқастардың көбі әбден ауруы асқынған жағдайда ғана келеді.

Осы тұста айта кету керек, алдағы уақытта несеп тас ауруын зерттеу емханаларда жүргізілетін скринингтік бағдарламаға кіргізілуі керек. Тым болмағанда белгілі бір жастағы адамдар арасында аурудың алдын алсақ, несеп тас ауруымен сырқаттанушылардың көрсеткіші біраз төмендеген болар еді.

Бүгінде біздің бөлімшеде көп жағдайда несеп тас ауруына шалдыққан науқастарға ота денені тілмей, кеспей, тасты уату арқылы жасалады. Яғни ота жасау процедурасы соқпа толқынды құрылғының көмегімен адамның денесіне жанастыру арқылы жүргізіледі.

— Жоғарыда өзіңіз атап өткендей, орталыққа қуық асты безінің қатерсіз гиперплазиясы және жыныс жүйесі ауруларының асқынулары себебінен дәрігердің көмегіне жүгінетіндер бар екен. Осы аурулар туралы кеңірек айтып кетсеңіз.

— Қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы — қуық асты безінің ұлғаюы. Бұл ауру ер адамдар арасында жиі кездеседі. Қуық асты безінің ұлғаюы несеп шығарудың ыңғайсыз белгілерін тудыруы мүмкін, мысалы, несептің сыртқа шығуын блоктау процесі.

Қуық асты бездің ұлғаюы қуық, зәр шығару жолдары немесе бүйрек проблемаларын тудырады. Бұл ауру үш сатыдан тұрады: бірінші сатысы — компенсаторлы, екінші сатысы — субкомпенсация, үшінші сатысы — декомпенсация. Бірінші сатысында науқас адам жиі-жиі дәретке шығады, әсіресе түнгі мезгілде. Бұл сатыда жасы үлкен адамдар «кәріліктің салдары» деп дәрігерге көрінбейді. Ал екінші сатысында науқаста қалдық зәр сезімі пайда болады. Яғни дәретке шыққанымен, бәрібір қуықты толық босату сезімі болмайды және бұл әдетке айналып, науқас адам сол жағдайға біртіндеп көндіге бастайды. Үшінші саты жоғары несеп жолдарының өзгерісімен сипатталады. Қуықта қалған үлкен көлемдегі зәр бүйрекке шауып, бүйректің дұрыс жұмыс жасамауына әкеледі. Сондай-ақ ішімдікке әуес адамдарда да бұл ауру көп кездеседі. Сондықтан дәрігер ретінде тұрғындарға көп қозғалып, спортпен айналысып, сондай-ақ аурудың алдын алу үшін жылына кем дегенде 1-2 рет толықтай тексерілуге кеңес беремін.

Ер адамдар арасында оперативті түрде ғана емделетін, көп кездесетін аурулардың бірі — варикоцеле. Бұл — аталық без веналарының кеңеюі, ондағы қанның вена бойымен кері қайту процесінің бұзылуы. Бұл ауру ер балалар арасында көп жағдайда жоғары сыныптарда және әскерге шақырту кезіндегі медициналық тексерілулер барысында анықталады. Варикоцеле көбіне ішкі ағзалардың орналасуы, ағзадағы буындардың әлсіз болуы және ауыр физикалық жұмыс істеуден болады. Бұл ауру дами берсе, бедеулікке әкеп соқтырады. Сондықтан варикоцелені ота арқылы емдейді.

Бұл — бүгінде урологиядағы жеңіл әрі жылдам жасалатын оталардың бірі. Сондықтан одан қорықпау керек.

Қазіргі таңда осы диагнозбен келіп, бөлімшеде ота жасататындар аз емес. Олардың ең жасы — 18-де. Дені — ауруы медициналық тексерулер кезінде анықталғандар. Ал ауруы бедеулікке әкеліп соқтырып, соның салдарынан ота жасатуға келген науқастардың  орташа жасы — 30-32 жастағылар. Олардың көбі — отбасын құрған азаматтар.

— Бүгінгі күні урология бөлімшесінде отыз кереует бар екен. Бұл облыс бойынша орталыққа жеткілікті ме? Сондай-ақ құрал-жабдықтармен қамтуда қандай да бір жетіспеушіліктер бар ма?

— Әрине орталық облыс тұрғындарын қамтитын болғандықтан, бұл жеткіліксіз. Алдағы уақытта бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын. Себебі бізден де халқы аздау бірқатар өңірлердегі урология бөлімдерінде науқастардың жатып емделуі үшін 40-50 кереует жасақталған. Ал қажетті құрал-жабдықтарға келсек, біз жыл сайын орталықтың басшылығына, қажетті жабдықтар туралы ұсыныстарымызды жібереміз. Биыл да тапсырыс жібердік. Қазіргі таңда біздің бөлімшеге қажет болып тұрғаны — мини-перкутанды нефролитотриптор. Бұл диаметрі бұрынғы қолданылып жүрген құрылғыдан гөрі кішірек. Сондықтан оны пайдалану әрі тиімді, әрі ол бүйрек тінінің зақымдануын азайтады.

Жалпы, бөлімшеде күн сайын 3-4 адамға ота жасалады. Олардың уақыт ұзақтығы — 30 минут-2,5 сағат аралығында. Қазіргі таңда бізде несеп тасын дистанционды, лазерлі уату, бүйректегі тасты мүшені тесу арқылы уатып алу, лапароскопиялық нефрэктомия, уретеролитотомия, бүйрек кистасын алу және астауша-тостағанша сегментінің пластикасы жасалады. Көп жағдайда оталар жоспарлы түрде тегін жүргізіледі.

Облыс тұрғындарына құлаққағыс: егер бізгекеліп емделгіңіз келсе,тұрғылықты жеріңіздегі емханадағы уролог-дәрігерге көрініп, бір апта, әрі кеткенде он күн ішінде бөлімшеге портал арқылы келуіңізге болады. Ауырмаңыздар, әрдайым қозғалыста және жақсы көңіл күйде болыңыздар!

 

Сұхбаттасқан Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«ozgeris.info».