Мұғалімдер арасындағы аттестатциялау күшін жоя ма — Аймағамбетов жауап берді

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдер тапсыратын тесттің неліктен алынбайтыны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info порталы. 

Бірер күн бұрын тестілеу кезінде қайтыс болған мұғалімнен кейін, ұстаздар арасындағы біліктілікті арттыру тесті алына ма деген сұраққа  Аймағамбетов жауап берді.

«Аттестация рәсімін алып тастау – ең көп түсетін ұсыныстардың бірі. Оны мен жасыра алмаймын. Мұның алдында 2018 жылдан бастап аттестация енгізілді. Мен осы тестілеуді алып тастаймыз десем, бәрі бөріктерін аспанға лақтырып, қуанатыны түсінікті. Бірақ, бізге мұндай арзан пиар қажет емес. Ең қажеті – білім беру сапасы», – деп жауап берді министр.

Министр қандайда бір шешім қабылдар алдында белгілі бір топқа емес, мемлекетке пайдасы бар нақты қадам жасалатынын жеткізді.

«Бізде ең басты мәселе – жақсы білім алу мәселесі. Сондықтан, біз шешімдерді біреуге ұнау үшін, біреудің тілін табу үшін қабылдамаймыз. Біз елге қажетті шешім қабылдаймыз. Бұл өте маңызды мәселе. Осыған назар аударыңыздар», – деді Асхат Аймағамбетов.

Ozgeris.info порталы