Мемлекетке 62 млрд теңге көлемінде шығын келтірілді – Жанат Элиманов

Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Президентке Қаржылық мониторинг агенттігінің биылғы бірінші тоқсанда атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы баяндалды, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Атап айтқанда, 552 қылмыстық іс қозғалған. Олардың жартысынан көбі – ауыр және аса ауыр қылмыстар. Ұйымдасқан қылмыстық топ құру фактілері бойынша 14 іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Мемлекетке 62 миллиард теңге көлемінде шығын келтірілген.

Жанат Элимановтың айтуынша, 2021-2023 жылдарға арналған Кешенді жоспар аясында көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Кеден саласында 34 қылмыстық іс қозғалды. Декларацияға енгізілмеген тауарлардың жалпы құны 10 миллиард теңгеден асады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға бөлінген 20,5 миллиард теңге қаржыны жымқыру фактілеріне қатысты қылмыстық істер бойынша тергеу жүргізіліп жатқаны туралы мәлімет берілді.

Агенттік төрағасының айтуынша, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлінеді. «Тариф» жобасы аясында коммуналдық қызметтер саласындағы тарифтердің негізсіз өсу деректерін анықтау және монополиялардан арылту жұмыстары жалғасуда.

Маңғыстау облысында сұйытылған газды сату кезіндегі алып-сату белгілері бойынша Энергетика министрлігінің, облыс әкімдігінің лауазымды тұлғаларына және электронды сауда алаңдарына қатысты іс тергеп-тексерілуде.