Израиль әскерлері жұмада намаз кезінде әл-Ақса мешітіне басып кірді

Фото: aa.com.tr

Израиль әскерлері әл-Ақса мешітіне басып кірді. Шабуыл кезінде 152 адамды жаралап, 400 палестиналықты тұтқындады. Бұл туралы TRT арнасы жариялады, деп хабарлайды “ozgeris.info” порталы.

Палестиналықтардың әлеуметтік желіде жариялаған видеоларында таң намазы кезінде израильдік әскерлердің әл-Ақса мешітіне басып кіргені көрсетілген. Әскерилер мешітке келгендерге қарсы резеңке оқ пен көзден жас ағызатын газ қолданған. Палестина Қызыл Жарты ай ұйымының мәліметінше, жараланған 117 адам ауруханаларға жеткізілді.

Айта кетейік, бірқатар мұсылман мемлекеттері мәлімдеме жасап, Израиль күштерінің әл-Ақса мешітіне жасаған кешегі шабуылын айыптады.

«Израиль шиеленісті күшейтіп отыр. Халықаралық құқықты құрметтемейді. Осы әрекеті үшін әлемдік қауымдастық алдында жауап береді», – делінген Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Сонымен бірге, Йемен Сыртқы істер министрлігі Израильдің Құдыстағы әрекеттерін қатаң сынға алды.

«Әл-Ақса мешітінде намаз оқитын адамдарға жасалған шабуылды айыптаймыз. Израиль әлем мұсылмандарының сезімдерімен қауіпті ойын ойнауда», – деп мәлімдеді Йемен СІМ өкілі.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы істер министрлігі де осындай мәлімдеме жасады.

«Біз мұсылмандар киелі жеріндегі зорлық-зомбылықты айыптаймыз және дереу тоқтатуға шақырамыз», – делінген хабарламада.

Ирак Израильдің әл-Ақса мешітіндегі бейбіт тұрғындардың өлімі мен жаралануына әкелген әрекеттерін айыптады.

«Израильдің бұл әрекеттері қайтымсыз салдарға әкелуі мүмкін», – деп атап өтті Ирак СІМ.

”ozgeris.info” порталы