Куәгерлер біліктілік тестін тапсырған мұғалімнің қалай қайтыс болғанын айтты

Алматыда ұстаздардың біліктілігін анықтау тестін тапсырып жатқанда педагог қайтыс болды. Аяқ астынан жағдайы нашарлаған 49 жастағы ер адамға әріптестері алғашқы көмек көрсетуге ұмтылғанымен, жедел жәрдем жеткенше ол жан тапсырған, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Мұғалімдер сынақ ұйымдастырылған жерде медициналық көмек көрсететін маман тұрмақ, дәрі қобдишасының болмағанын айтып ашынып отыр. Педагогтерді жетілдіруге арналған осындай тестілеу түбімізге жететін болды деп, аттестацияға қатысты наразылық та білдірді.

Жиналғандар қайғылы жағдай орын алардан бірнеше сағат бұрын қайтыс марқұммен бірге тест тапсыруға кірген. Әр мектепкен келген педагогтар бір-бірін де танымайды. Сынақ кезінде өзін нашар сезіне бастаған ер адамға алғашқы көмек көрсетуге тырысыпты. Жедел жәрдемнің жылдам жете қоймағаны өз алдына, білім ошағында да дер кезінде шара қолданатын маман мен дәрі-дәрмек табыла қоймапты. Хәлі нашарлаған педагог жерде жарты сағатқа жуық тірі жатқан. Осылайша ұстаздар бар білгенімізді жасасақ та, ажалға араша түсе алмадық деп ашынады.

Эльмира Иманбаева:

— Көзілдірік таққан арықтау кісі қарама-қарсы келіп отырды. Қарасам, қобалжып отырды. Жан-жақтан көмектесіп, бір ағай жүрегіне, орыс қыз аузына ауа жіберіп жатыр. Мен қолын уқалап массаж жасадым. Алдын ала көмек беретін не мүсәтір де, не тонометр де жоқ. 25 минут жерде жатты. Неге бір медбике, дәрігер тағайындап қоймайды. Міне, қолымда жатып қайтыс болып кетті.

Осылайша қайғылы жағдайдың куәсі болған мұғалімдер базынасын жеткізді. Айтуларынша, жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен біліміне баға беретін сынақ бұл емес.

«Кәсіби деңгейімізді дәлелдейміз деп сабылып жүріп, қай уақытта жұмыс істейміз, оқушыларға қай уақытта сабақ береміз?» — деп отыр.

Тұраркүл Әділбекова:

— Жұмыс өтілім 30 жыл. Өз жұмыстарым бар, авторлық жұмыстарым да бар. Қазір менің бұрынғы түлектерімнің балалары тіпті оқуға келіп жатыр, немерелерім. 30 жылда Қазақстанға, мемлекетімізге еңбегіміз сінді. Осы жерге сіңіп отырып, қайта тест тапсырып, өз еңбегімізді не үшін көрсетуіміз керек?

Зарида Ноғаева:

— Біздің бүкіл мұғалім, жалпы қазақстандық педагогтардың атынан айтар едім: тест дегенді алып тастау керек. Бұл мұғалімге керек емес. Бізге жауапты мектебімізде директор бар, оқу ісінің меңгерушілері бар. Одан кейін аттестация мүшелері тексеріп келетін мектепке аудандық білім бөлімі бар. Республикадан тексерулер келеді. Біз не үшін сенделіп келіп, мынандай ғимаратта педагогтардан айырылып жатуымыз керек?

Оқиғаға қатысты қалалық полиция департаменті сот-медициналық сараптама тағайындаған. Ал Ұлттық тестілеу орталығындағылар бүгін аттестациядан өте алмай қалған педагогтар біліктілік тестін басқа күні тапсыруына болады дейді.

Руслан Емелбаев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры:

— Негізінде Ұлттық біліктілік тестілеуды тапсыру – ерікті. Оған еш мәжбүрлік жоқ. Бұны тапсырудағы негізгі мақсат – категориясы мен жалақысына 50 пайыз үстемақы төленіп отырады. Бұл оқиғаға байланысты, ол Алматы қаласындағы жекеменшік мектептің мұғалімі болған. Тоғыз жылдық жұмыс өтілі бар. Ол кісі тарих пәні мұғалімі болған.

Жауапты министрлік бүгінгі аттестацияда медицина қызметкерлері болмағанын растап отыр. Қазір оқиғаға қатысты тексеру басталды. Алдағы уақытта тестілеу орталықтарында алғашқы көмек көрсету күшейтілетініне уәде берді. Ұлттық біліктілік тестілеуін ұстаздар 2018 жылдан бері тапсырып келеді.