Талдықорғанда көп балалы отбасының үйі өртеніп кетті

Талдықорғанда 7 ұлы бар көп балалы отбасы баспанасыз қалды, деп хабарлайды Ozgeris.info Алматы облыстық ТЖД сілтеме жасап.

Оқиға Талдықорған қаласы, “Көктал” ықшам ауданында орын алған. Болжам бойынша, өртке электр сымдарының тұйықталуы себеп болыпты.

Өрт кезінде отбасы мүшелері үйде болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода балалардың анасы Мәншүк ханым оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Ол өрт басталған кезде бөлмеде кенже баласына сүт беріп отырғанын айтты.

«Бір кезде күйеуім «өрт, өрт» деп айқайлады. Мына жерде екі матрас тұрған. 3 жасар балам соның астына тығылып қалған. Өзі сөйлемейді. Біз оны білмейміз», — дейді балалардың анасы.

Ozgeris.info порталы