«Келер ұрпақ «мықты ақын» деп танығанын армандаймын»

Қазығұрт мекенінің түлегі, ақын Сабыржан Ахан — бүгінгі әдебиетке өзіндік үлес қосып жүрген талапкерлердің бірі. Жас дарынның шығармашылығы жайында әңгімелескен едік.

— Сабыржан, жассың, жасың 17-де екен. Бұл жастағы ақындарда “қырам-жоям” деген бір қарқын болады. Жалпы, ақын болу оңай ма екен?

— Ақын болу оңай емес. Себебі қазақта «Батырды екі долы қатынның бірі туады, ал ақынды Құдай жаратады» деген сөз бар. Ақынның мойнында үлкен жауапкершілік болады деп ойлаймын. Бұл кешегі Абай мен Мұқағалилардан жалғасып келе жатқан көш іспеттес. Алдынғы буыннан қабыл алып, кейінгі буынға аманаттау біздің міндетіміз. Бұл — үлкен жауапкершілік, үлкен құдірет. Ал, құдіреттің құнын ұға білу керек.

— Ағалар «оқы, тоқы, ізден, тап» деген ақыл-кеңес береді. Сен осынау мотивацияларды қажетсінбейтін деңгейге келдің бе?

— Қажет етпейтін  деңгейге жеткенім жоқ. Ағалар бірдеңені білгесін айтады ғой. Марқұм Есенғали ағамыздың: «Жастар өссін, көтерілсін деп артық ауыс пікір де айтпаймыз. Бірақ бұлар өсу орнына холтура жағына кетіп бара жатыр» деген сөзі бар. Алдынғы буын ағалар содан сақтандырып айтады. Себебі біз енді жүріп келе жатқан соқпақпен ол кісілер уақытында жүріп қойған. Айтуы керек деп білемін.

— Ақын Ұлықбек Есдәулеттің: “Ұң ұлы ақын — жас ақын” дегені де бар, иә?! Биыл Алматыдағы аты аңызға айналған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың грантына ие болдың. Енді шығармашылық өрісіңнің кеңеюіне керемет сәт туды. Бірақ Алматыда “жұтпасаң, жұтыласың!”. Менің осы сөзім сенің арман-мақсатыңның орындалуына кедергі болмай ма?

— Жоқ, кедергі болмайды. Себебі, маған осы уақытқа дейін солай айтқан адамдар көп болды. Бірақ, ешқайсысын тыңдағам жоқ, тек өзіме, арманыма ғана сеніп келемін. Алматы үлкен, дамыған қала ғой, маған көптеген мүмкіндіктер туып тұр. Оларды мүмкіндігінше пайдаланамын. Мен онда «жұтылмауға» тырысамын. Ал, студенттік өмірдің шет-жағасын мен 7-сыныбымнан бері көріп келе жатырмын. «Үйренген жау — атыспаққа жақсы» демекші маған онда аса қиын болады деп ойламаймын.

— Мойындату бар һәм мойындалу бар. Сен осы нұсқалардың қайсысын таңдайсың? 

— Мойындата алсаң, мойындамай қайда барады?.. Екі нұсқадан анау айтқан айырмашылық көріп тұрғаным жоқ, бірақ «мойындалу» деген нұсқаңыз жөн шығар деп ойлаймын. Себебі, “терең өзен тыншып ағады» деген сөз бар. Осы тұста ақын Мейірхан Ақдәулет ағамыздың: «Бағаланғанның да, бағаланбағанның да баратын жері белгілі, мен тек жаза алмадым ба деп өкінем» деген сөзін алға тартсам дұрыс болар. Егер жазғаның жақсы болса, қалың бұқараға бәрібір мойындаласың деп ойлаймын.

— Қазір кімді оқып жүрсің?

— Қазіргі уақытта қазақ әдебиетінің көптеген сөз зергерлері мен есімі ел арасында онша таныла қоймаған, жас ақын-жазушылардың шығармаларымен танысып жатырмын.

— Әскерге барған азамат Отанға адал қызмет етуге ант береді. Сен қазақ әдебиеті үшін һәм өлең үшін ант етер ме ең?

— Әрине! Жоғарыда айттым ғой: «Ақынды Құдай жаратады», — деп. Мен бізден кейін келер ұрпақ мені «мықты ақын» деп таныса деп армандаймын. Олардың алдында жерге қарағым келмейді. Сол үшін Құдайдың берген осынау «өлең» атты тартуына асқан жауапкершілікпен қараймын.

***

Сұхбат соңында жас ақынның бірқатар шығармаларын оқырман назарына ұсынамыз.

Ұзамай қыс кетеді,  басқан қырау,
Нәсіп болса, жетерміз  жазға да аман
Жылап мені қинайды аспан мынау,
Ал сенің жылағаның азба маған?

Жабырқатып, жүдетіп жанымды ақпан,
Мағына мен мән таппай мына өмірден.
Есігіңнің алдынан ағып жатқан
Өзеннің жағасында тұр едім мен.

Соншалықты мен сені сүйемінбе,
Не көрінді мұншама мұңданардай?…
Сол жерде пойыз жолдың жиегінде,
Әрлі-берлі жүр едім жынды адамдай.

Көктемім, есімді алып әрқашанда,
Кеткенім ардан аттап, демек өтіп.
Сен алысқа қарайтын, анда-санда,
Терезеңе тұрмын мен өлең оқып.

Жүрек құрғыр сені әлде қимадыма?
Қалсаңда тағдырымда мұңмен шер боп.
Барсам, барған шығармын, үй жағыңа
Сыртыңнан болсын сені бір көрсем деп.

Есімде алғаш сені іздеп келген күнім,
Осында кездескенбіз соңғы рет біз.
Тығылып, тағы келдім елден бүгін
Жанарымда жылап тұр мөлдіреп күз.

Әлі есімде, ол күнде он алтыда ем,
Көңлім бәрі керемет болар деді.
Сол күні, сені осында жоғалтып ем,
Таба алмай жүрмін сені содан бері.

Тағдыр жазса, біз әлі жолығармыз,
Көңілімді билейді, неге күдік?
Осында жетелейді мені жалғыз.
«-Сені тауып қалармын» деген үміт.

***

Көңілім бүгін неге құлазып,
Қажытты мені бар қайғым
Жүрегім өлең береді жазып,
Өзім де оқи алмаймын

Бас иіп тәңір құдіретіне,
Тағдырдың көріп, тарлығын.
Өткендерімнің бүгін өкіне,
Еске алып тұрмын барлығын.

Түсіме қайта кірші көктемім,
Қайғымды сонда сезбеспін
Жаралы жанның шыр-шыр еткенін,
Сезбейді сенен өзге ешкім.

Көктемнен қалған жолды жасырдың
Күрсінген күндер жазда еді,
Онсызда мына сорлы басымның,
Көрген қорлығы азба еді…?!

Көз ілмей жатып, таңдар атырдым,
Көзімнің жасын бір сығып,
Жүзіде семіп қалған ақынның,
Күзіде өтті-ау күрсініп.

Қалама менің қыс келді міне,
Өзгермейме деп қорқамын.
Аспаннан ақ қар түскен күніне,
Сенбесемде үміт артамын.

Желтоқсан қаңтар, өткел береді,
Ақпанға арнап, текті өлең,
Ақпаннан кейін көктем келеді.
Өз басым оны жек көрем!

Өтеді жылдар, зулап күндерім,
Басылмай, қапам, шын өкпем.
Санамды селқос улаттың менің,
Жарамды тырнап, жүректен.

Өмірден солай баз кешем кейде,
Көңіл-күй көптен болмай жүр,
Көңілді өлең жаз, десең кейде,
Жаза алмаймын мен ондай жыр.

Мұңыңды сыйлап, ақын қып бердің,
Лайланған көңіл тұнығы.
Жер бетіндегі ақын біткеннің,
Осындай ма екен ғұмыры…?

***

Көктемде кеудемді өртеп, мазда шерім,
Көңілің көтерілер жазда сенің,
Мына өмірде егер күз болмағанда,
Кім білсін?
Мүмкін өлең жазбас едім.

Түсінбедім не солдым, не көктедім?,
Қайран менің өлеңім өр, өктемім.
Бейопа тіршілікте күз өлсе егер,
Өлеңімнің өлгені демек менің.

Өлең өлсе ақын да өледі де,
Өмірімнің мәні сол, себебі де.
Өлең өлсе, құр сүлдемді сүйретіп,
Менің тірі жүруімнің керегі не…?

***

Айтарымды айта алмай, тынып барам,
Жан едімғой, жан сырын досқа ашпаған.
Ұмытқанның барлығы ұмытпаған,
Қоштасқанның барлығы қоштаспаған…

Ғашық жан айта алмайды мұңға талақ,
Ұлы ойлар туу үшін түн берілген
Ілеуде бір болады шын махаббат.
Шын ғашық бола алмайды кім көрінген.

Жайлаған жалғыз нарсе миым ішін,
Адалдықты өлгенше кірлетпен еш.
Бір адамды шынайы сүю үшін
Онымен бірге болу міндетті емес.

Жабығып, жүз күрсіне, мың сыздана,
Өткенін жүрек еске жиі алады.
Ғашық адам жырақта, үнсіз ғана
Сағынады, күтеді, сүйе алады…