Қарағандыда қоқыс пакетінен табылған сәби ағын сумен бірге келген

Қарағандыда қоқыс пакетінен табылған сәбиді анасы даладағы ағын суға лақтырған болуы мүмкін. Куәгерлер жаңа туған нәрестенің денесі гараж маңына қар суымен ағып келуі ғажап емес екенін айтты деп хабарлайды Ozgeris.info порталы «Астана» арнасына сілтеме жасап.

Баланың табылғанына арада 2 күн өтсе де, пакет жатқан маңайдан күдікті әйел табылмаған. Полиция көкек ананы әлі іздеп жатыр.

Пакеттегі сәбидің денесінен ешбір зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған. Тұрғындар еуропалық нәсілдегі балпанақтай ұл баланың жаңа ғана дүниеге келгенін кесілген кіндігінен-ақ анық білген.

Қара пакетті Еленаның ұлы кешкісін өз гаражының бұрышынан тауып алған. Шошығанынан жақындары мен полицияны қоса шақырады. Әйелдің айтуынша, бұл маңайда күдікке ілінерлік ешкім жоқ. Жалпы куәгерлер қорқынышты пакет бұл маңайға қар суымен ағып келуі мүмкін деп болжайды. Олардың ойынша нәрестені анасы даладағы ағын суға лақтырып жіберуі мүмкін.

«Ымырт жабылған кез болатын. Ұлым гаражға келгенде пакетті көріп ашып қалған. Тыр жалаңаш баланы көргенде шошып кетіпті. Дереу полицияға хабарластық. Бұл маңайдан біреу тастады деп ойламаймын», – дейді куәгерлердің бірі Елена.

Әп-сәтте жедел жәрдем де жеткен. Алайда сәбиді құтқару мүмкін болмаған. Шетінеп кетіпті.

«Бүкіл ықшам ауданның суы осы жерге құйылады. Баланың денесі сол қар суымен ағып келуі мүмкін. Оның үстіне пакеттің аузы  мұқият жабылған болды. Сәбиін тастаған адам сау емес, психикалық сырқат деп ойлаймын. Жануардың өзі мұндайға бармайды ғой», – дейді куәгер Виктор.

Полиция екі күнен бері көкек ананы іздеп жатыр. Бірақ әлі таппады.

«Аталған факт бойынша ҚР ҚК- нің 100-бабы, яғни «жаңа туған сәбиді анасының өлтіруі» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде», – дейді Қарағанды облыстық полиция департаментінің өкілі Бақытжан Құдияров.

Қазір көкек ана бүкіл қаладан іздестіріліп жатыр. Ең алдымен жаңа босанғандар тексерілмек. Ал сәбидің денесіне тиісті сот- медициналық сараптамасы жасалуда. Бала ай күніне жетіп туылған. Оның өліміне не себеп болғаны осы аптада анықталмақ.

Ozgeris.info порталы