Ресейден Тәжікстанға бара жатқан жүк көлігі Түркістан тас жолында жанып кетті

Тұрмыстық техникасы бар жүк көлігі Ресейден Тәжікстанға бара жатқан жолда жанып кеткен. Оқиға кеше кешкісін Самара-Шымкент тас жолындағы Жиенқұм ауылының маңындағы 73 шақырым жерде болған. Бұл туралы Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды “ozgeris.info”.

«Бәйдібек аудандық ІІБ-нің 102 пультіне 73 шақырым жерде Самара-Шымкент тас жолында Жиенқұм ауылына жақын жерде жүк көлігі өртеніп жатқаны  туралы хабарлама түсті.  Аудандық бөлімнің тергеу-жедел тобы дереу оқиға орнына аттанды. Тәртіп сақшылары жан-жақты тексере келе, Ресейден Тәжікстанға бет алған «Volvo» маркалы жүк көлігінің  тіркеме бөшкесі  өртеніп кеткенін анықтады»  деп нақтылады Түркістан облысының ТЖД.

Салдарынан ауыр жүк көлігі алып бара жатқан тұрмыстық техникаларымен бірге толығымен жанып кеткен. Материалдық шығыннан басқа зардап шеккендер жоқ.

Жүргізуші жүк көлігін құжаттарымен бірге тастап, қашып  үлгерген. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

ozgeris.info” порталы