Алматы әкімдігі 25 млн теңгеге гүл сатып алу үшін келісімшарт жасасқан

Фото: torange.biz

Алматы әкімдігі «Gulder.kz» компаниясымен келісімшарт жасасып, жыл соңына дейін әкім аппаратына гүл жеткізіп беруі үшін 25 млн теңге төлемек, деп хабарлайды «ozgeris.info».

Бұл туралы журналист Мият Кәшібай жазды.

Оның айтуынша, мемсатып алу порталында қала әкімінің аппараты 9 ақпан күні «Gulder.kz» компаниясымен келісімшарт жасасқан. Келісімшартқа сәйкес, компания жыл соңына дейін әкім аппаратына гүл жеткізіп беріп отыруға міндетті. Осы қызмет үшін әкімдік жеке компанияға 25 млн теңге төлейді.

«Тендер техсипаттамасында гүл саны, оның не үшін қажет екені жайлы мәлімет жоқ. Сондықтан көрсетілетін қызмет бекітілген бағаға сай не сай емес екенін анықтау қиын. Бізге белгілісі – әкімдік 25 млн теңгенің 21,3 миллионын 11 наурыз күні жеке компания есепшотына аударып қойды.

Жалпы 25 млн теңгелік мемтапсырыс «тікелей бір көзден сатып алу» тәсілі арқылы өткен. Тапсырыс беруші (Алматы қаласы әкімінің аппараты) ашық конкурс өткізбеген, тікелей «Gulder.kz» компаниясымен келісімшарт жасасқан», — деп жазды журналист.

Оның айтуынша, Алматы әкімі аппараты былтыр да дәл осы компаниядан гүл сатып алған. Бірақ ол кезде 22 млн теңге жұмсапты.

Айта кету керек, «Gulder.kz» компаниясы  Алматыда тіркелген, 2017 жылы маусымда құрылған. Басшысы әрі жалғыз құрылтайшысы – Хан Андрей Романович. Компания Алматы әкімдігінен мемтапсырыс алғанға дейін жылына бір-бір жарым млн теңге көлемінде салық төлеп жүрген. Ал былтыр 22 млн теңгенің тендерін алған жылы қазынаға 2,6 млн теңге құйған. Биыл да 4,7 млн теңге салық төлепті.

«ozgeris.info»