Әлеуметтік желідегі негатив: хейтерлермен қалай күресеміз?

Қазіргі таңда әлеуметті желілер мен мессенджерлердің дәурені жүріп тұр. Ресми мәліметтерге сәйкес, жер шарындағы төрт миллиард адам ғаламторды тұрақты түрде қолданады екен. Сонымен қатар әлемде әр секунд сайын сегіз адам белгілі бір әлеуметтік желіге ресми түрде тіркеледі.

Жаңа технологияның пайда болуымен, ғаламтордың қарқынды дамуына байланысты күнделікті өмірімізге жаңа сөздер мен терминдер қосылды. Соның бірі – әлеуметтік желіде өте кең таралған “хейтер” сөзі.

«Хейт» сөзі ағылшын тілінен аударғанда  “жек көру” деген мағынаны білдіреді. Яғни хейт – бұл белгілі бір оқиғаға немесе адамға деген жеккөрініш сезімі. Ал хейтерлер –  біреуді кемсіту, төмендету мақсатында әлеуметтік желілерде пікір жазушылардың белсенді тобы.

Әдетте, хейт танымал адамдарға, белгілі бір ұстанымдағы ұйымдар мен қоғам белсенділеріне, белгілі бір ұлттың, діннің, сенімнің өкілдеріне жасалады. Үнемі негатив жазатын адамдардың психологиялық сипатын білу мақсатында психолог маманға сұрақ жолдадық.

Психолог Сая Бақимова әлеуметтік желіде ылғи негатив жазып, өзгеге қысым жасайтындардың көпшілігі “шаршаған адамдар” дейді:

— Эмоциялық жану  (выгорание)–  өте жиі кездесетін, бірақ көп талқыланбаған тақырып. Бұған халықпен жұмыс істейтін мұғалім, дәрігер сынды мамандар, құқық қорғау органдарында қызмет атқаратындар, сондай-ақ үй шаруасындағы әйелдер жиі ұшырайды. Иә, үйде бала қарау да – көп эмоциялық жұмысты талап ететін нәрсе. Эмоциялық жанудың соңғы кезеңі – депрессия. Ал оған дейінгі сатыларында тез ашулану, тітіркену, бәріне өкпелі болып, өзінен әлсіз адамдарға күш қолдану деген белгілер басталады. Мұғалім баланы ұрғанда, дәрігер пациентіне ащы әзіл, зілді сөйлегенде, полиция қандай да бір заңсыз әрекетке барған кезде осы оқиғалардың артында эмоциялық жану тұрады. Әлеуметтік желіде негатив жазу да – күш көрсетудің бір түрі. Сондықтан бір сөзбен бәріне ортақ сипат бұл шаршаған адамдар дер едім.

Хейтерлермен қалай күресу керек?

Жоғарыда хейтерлердің кім екенін, қандай мақсатта жұмыс істейтінін айттық. Ендігі кезекте  интернет-батырлармен қалай күресеміз деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Олармен күрес жүргізу немесе “тіл табысу” қаншалықты дұрыс?

– “Көбіне тұлғаның шекаралық бұзылысы (пограничное расстройство личности)  деген топқа жататын психологиялық ауытқулардың сипатына шектен тыс агрессия, басқаның шекарасын көрмеу, тіпті басқа адамды жаны бар, сезімі бар адам деп қабылдай алмау жатады. Мұндай ауытқу адам бойына туа біткеннен емес, кішкентай кезінде қандай қарым-қатынас көргеніне байланысты пайда болады. Қалай тіл табысқан жөн деген сұраққа жауап беру қиын, себебі бұл біржақты процесс емес қой. Біреумен тіл табысу үшін ол адам да бізбен сөйлескісі келуі керек. Әйтпесе ол манипуляция болып есептеледі. Не болғанда да біз өзіміздің де, басқаның да жағдайын ойлауымыз керек. Кейде бізді кемсітетін, қандай да бір зорлық көрсететін адаммен қарым-қатынасты батыл түрде тоқтатқан да дұрыс. ” — дейді психолог Сая Бақимова.

Оңтүстік Кореядағы жұлдыздар өлімі

Хейтерлерден зардап шеккен, тіпті қысымға шыдамай өз өмірлеріне қол салған шығармашылық тұлғалар аз емес. Олардың басым бөлігі – Оңтүстік Кореялық өнер жұлдыздары. K-pop индустрия негативпен күресуде әлсіз бе, әлде тыңдарман тым көп нәрсе күте ме?

Жаңылсын Құрманова (K-pop тыңдарман):

– Менің ойымша, ол, ең алдымен, жас таланттарды дайындайтын компаниялардың қателігі. Халыққа және тыңдарманға әртістерді “мінсіз” етіп көрсетіп, ерекше етіп шығаруға талпынады. Бұндай адамдар алдымен көпшіліктің назарына тез түседі. Кейін олар әдемі болуы үшін  диетаға отырады, назардан тыс қалмау үшін күндіз-түні жұмыс істейді. Назар сол әртіске ауған соң, одан көп нәрсе күтіледі. Алайда 24/7 жұмыс жасай беру мүмкін емес. Бұл жұлдыздың көңіл-күйіне, оның өзін сезінуіне және сырт келбетіне әсер етеді. Ол шаршаңқы болады, кейбірі арықтап не семіріп те кетуі мүмкін. Жылдар өте танымалдық та төмендейді, одан да жас жұлдыздар орнын басады. Меніңше, осындай кезде көп компаниялар мен өнер жұлдыздары күйзеліске ұшырайды. Бірақ бұл қалыпты. Осы кезде компаниялар олардан көп жұмыс жасауды талап етеді. Дәл сол уақытта жанкүйерлерін жоғалтпау үшін өнер иелері барын салады. Алайда K-pop индустрия фанаттары біз ойлағаннан әлдеқайда талапшыл. Кішкентай кемшіліктеріне түсіністік таныта қоймайды. Ал әртістер үшін барлық пікір маңызды, себебі оның болашақ жұмысы, жалақысы жанкүйерлеріне байланысты. Қолдаушының жоқтығы немесе азаюы, әлбетте, күйзеліске түсіреді. Сол себепті фанаттардан әрқашан қолдау мен жылы сөздер ғана алған жұлдыздар бұндай теріс пікірлерге шыдай алмай, осындай әрекетке барады деп ойлаймын.
Екі тараптың да әсері болуы мүмкін. Кей өнер жұлдызына психологпен жұмыс жетпеген және өзінің мінез-құлқын толық жетілдірмеген, ал кейбір әртіс жанкүйерлерінің ойына тым тәуелді.

Заң желідегі негативтен қалай қорғайды?

Қазақстанның Конституциясы бойынша біреуге негізсіз, дәлелсіз жала жабу, жеке басына тиіп, қорлаған адам бірнеше бап бойынша жауапкершілікке тартылады. Заңымыздағы 131-бап бойынша басқа адамның ар-намысын кемсітіп,жеке басына қатысты ұнамсыз пікірлер айтып, қорлаған жағдайда 200 АЕК көлемінде айыппұл ( 583 400 теңге ) немесе 180 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту қарастырылған.
Дегенмен, желіде жеке басқа тиіп, әр нәрсе жазатын көп адам “демократиялық елде әр адам өз пікірін білдіруге құқылы” деген сылтаумен өздерін ақтап жатады.

Наржан МҰРАТ