250-ден астам жол учаскесін су басу қаупі бар

Фото: ашық дереккөзден

Елдегі жолдардың 250-ден астам учаскесін су басу қаупі бар, деп хабарлайды Ozgeris.info порталы Қазавтожолға сілтеме жасап. 

Ақпаратқа сәйкес, республикалық маңызы бар жолдарда су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

«Су басып кету қаупі бар учаскелер тізімі жасалып, 250-ден астам учаске анықталып отыр. ҚазАвтоЖолдың әр өңірлік филиалы көпір асты аймақтарды, су өткізу құбырларын қардан тазалап, ашып жатыр. Сонымен бірге көпір арналарын тазалау, су тасқынын болдырмау үшін инертті материалдарды дайындау жұмыстары жалғасуда», — делінген хабарламада.

Күн сайын аталмыш жұмыстарға 600-ге жуық арнайы техника және мыңнан астам жол қызметкері жұмылдырылуда.

«Бұдан басқа, су тасқыны қаупі бар кезеңде бригадалардың тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды. Учаскелерге бақылау орнатылып, қажетті материалдар қоры дайын тұр», — деп хабарлады Қазавтожол.

Естеріңізге сала кетейік, ұлттық компания қызметіне қатысты барлық мәселелер бойынша 1403 қысқа нөміріне қоңырау шалу қажет.

Ozgeris.info порталы