Жамбыл облысында бүтін бір ауылдың тұрмыстық техникасы күйіп кеткен

Фото: tumba.kz

Жамбыл облысында бүтін бір ауылдың тұрмыстық техникасы күйіп кеткен деп хабарлайды «ozgeris.info» «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.

Жамбыл облысында жоғары кернеулі тоқтан бүтін бір ауылдың тұрмыстық техникасы күйіп кетті. Тоңазытқыш, теледидар, кір жуғыш машина және тағы басқа да құрылғылар істен шыққан. Бір күнде шығынға батқан бұқара не істерін білмей жыларман күйде.

Шөлдала ауылының тұрғыны Алмагүл Омарова ашуын кімнен аларын білмей жүр. Үйіндегі әзер қол жеткізген тұрмыстық техникаларының бәрі жанып кеткен. Ең қымбаты – тоңазытқыш, теледидар, кір жуғыш машинасы. Зейнеткер кемі 500 мың теңгеге шығынға батқанын айтады.

— Екі күннің бірінде теледидар күйеді. Тоңазытқыш күйіп кетті. Бүкіл ауылда осылай. Бұны кім төлейді. Осылай қайта-қайта телевизор сатып алуымен жүреміз бе? — дейді ол.

Екі күн бұрын аймақта күшті жел тұрған. Тұрғындар сол кезде электр қуатының мөлшері күтпеген жерден артып кетіп, тоққа қосулы қондырғылар жаппай жанып кетті дейді. Қазір бәрі жарамсыз. Жарықсыз қалған баспаналар да бар. Тіпті кейбірі сусыз отыр. Өйткені су сорғыш та істен шыққан. Жұрттың сөзінше, бұл жағдайға шенділердің салғырттығы себеп.

Жергілікті билік бұл жағдайдан хабардар. Бірақ неліктен электр қуатының мөлшері шамадан тыс көбейіп кеткенін түсіндіре алмады. Дегенмен кінәлілерді анықтауға кірісіпті.

— Ауыл тоқты уақытша темір жолдан алып отыр. Біз алдымен анықтаймыз. Мамандар анық-қанығын жеткізіп береді. Сосын  жауапты адам болса, үйме-үй, қазір акті жасаймыз. Не күйді, не қойды дегендей. Сосын барып заңды түрде шешіледі, — дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жайықбай Шалдаров.

Қазір нақты қанша үйдің тұрмыстық техникасы жарамсыз болып қалғаны белгісіз. Жергілікті билік санап, есептеу кірісті. Ал шыққан шығын тоқ таратушы мекеменің мойнына артылатын болды.

«ozgeris.info».