Үздік теннисші қыз!

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Алматыға жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар нысандармен жаңа үстел тенисі орталығын аралап көрді. Сол жерде ҚР ҰҚК Шекара академиясының офицері, біздің әріптесіміз 5-арнайы кафедраның аға оқытушысымайор Ә.Әділгереевтің қызы Айназ Әділгереева Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты 22 наурыз қазақ халқының жаңа жылымен құттықтап, үстел тенисінен чемпион боламын деп уәде етті. Содан соң Президент болашақ чемпионның алдағы дайындығына сәттілік тілеп, Айназдың теннис ракеткасына қолтаңбасын қойды. Сонымен қатар,онымен теннис ойнап, шеберлік сағатын танытты.

Айта кету керек, Қазір елде 200 мың қазақстандық үстел тенисімен шұғылданады деген статистика бар. Бұл аз ба, көп пе, бірақ соңғы уақытта теннис трендке айналды. Айтпақшы, дәл осы Алматыда оқып жүргенде Қасым-Жомарт Тоқаев бұл спорт түрінен спорт шеберлігіне үміткер атанған болатын.

Айназ Әділгереева 2010 жылы спортшыларарасында үстел тенисінен жеке және жұп ойындары бойынша Қазақстан Республикасының чемпионы, аралас жұп бойынша қола жүлдегері және топтық сайыстың да қола жүлдегері атанған екен. 2008 жылы спортшылар арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының жұп сайысының күміс жүлдесін алған.

№22 мектеп-гимназиясының 6 сыныбының үздік оқушысы. 2021 жылдың спорттағы қорытындысы бойынша, Айназ Әділгереева  Қазақстан Республикасының жасөспірімдер құрамасының сапында жаттығып келеді.

Айназ Әділжанқызы бізбен әңгімелесу барысында, ең алдымен осы уақыттағы спорттағы жеткен жетістіктерім үшін, бапкерлерім Айман Сатқымбайқызына, Дмитрий Анатольевичке, Елена Владимировнаға, Алексей Анатольевичке, Асылан ағай мен Медина және Аружан апайларға шексіз алғысымды білдірем. Сонымен қатар, маған қолдау білдіріп, сүйеніш болған ата-әжелеріме, әке-шешеме, ағайын нағашыларыма, достарыма үлкен рахмет айтқысы келетінін жеткізді.

Теннис ойнауды 9 жасынан бастаған ол спортқа кеш келгеніне қынжылады. Әйтсе де, айналдырған бір-екі жылдың ішінде үздіксіз жаттығудың арқасында өзі қатарлас құрбыларын қуып жетіп, ел чемпионы атанған екен. Осы кезден бастап спортпен шұғылданудың әлі де кеші емес екенін түсінген.

Спортты жанына серік еткен жас тенисші, сабақтан тыс уақытта спорттан бөлек Қобыланды және Алпамыс батыр жырларын және халқымыздың ертегілерімен салт-дәстүрге байланысты әдеби кітаптарын оқуды дәстүрге айналдырған. Балаларының қазақи болып өсуіне әріптесіміз Әділжан Бауыржанұлының қосқан үлесі мол. Оның айтуынша, батырлар жырын оқып, қазақтың салт-дәстүрін жетік білген баланың дүниетанымы кеңейіп, алмайтын қамалы жоқкөрінеді. Бұл отбасында біз әңгімелеп отырған чемпион қыздан басқа Лилия, Үміт, Хауа деген сұлу қыздар бойжетіп келеді. Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді демекші, кім біледі бұл қыздардан да әкпесі сияқты чемпион шықпасына.

Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын дейді ғой. Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Осы мақсатта Елбасының Жарлығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жарияланған болатын. Аталмыш байқау ҚР ҰҚК Шекара академиясында ұйымдастырылып ең таңдаулы әскери қызметшілердің отбасылары осы байқауға қатысып, өз өнерлерін ортаға салған болатын. Шара барысында Майор Ә.Әділгереевтің отбасы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып әділқазылар алқасының шешімімен гран-приді ұтып алған еді.

Өз кезегінде шекарашы офицер де қарап жүрмей «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының 15 жылдығына орай, жалпы ұстаздар арасындағы үстел теннисінен өткен республикалық  турнирде, ерлер арасында бірінші орынға қол жеткізіп, диплом және «Үздік спортшы» төсбелгісімен марапатталған.

Иә, тәрбиелі ұл, қылықты қыз, чемпион спортшыны тәрбиелеп отырған Әділгереевтер әулетінің алар асу әлі алда. Олай болса, әріптесімізге өсіріп отырған алтындай қыздарыңның қызығын көр демекпіз!

Жанат Жабырбеков,
ҚР ҰҚК Шекара академиясының баспасөз хатшысы