Жалған сертификатталған Қытайдың зиян ойыншықтары Қазақстанда еркін сатылып жүр

Фото: Asia.russia.ru

Зиянды Қытай ойыншықтары Қазақстанда еркін түрде сатылып жатыр

Қазақстанда жалған сертификатпен кеденнен өткен Қытай ойыншықтары еркін сатылымда жүр. Бұл сертификаттарды қытайлық кәсіпкерлерге Қырғыз елі мамандарының бергені анықталған, деп хабарлайды ”ozgeris.info” тілшісі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп.

Ойыншықтар ең маңызды деген токсикологиялық сынақтардан өтпеген. Яғни, бала аузына салып, не иіскесе уланып қалуы әбден мүмкін.

Қытайдан заңсыз тасымалданатын тауарлардың саудасы қызып тұр. Азық-түліктен бастап, киім-кешек көбі Қытайдан әкелінеді. Мамандардың айтуынша, әсіресе көрші елден жеткізілетін ойыншықтар талапқа сай келмейді.

Арзан, сапасыз, қауіпті ойыншық сатып, пайда таппақшы болған кәсіпкерлердің көбі өнімдерін шетелден сертификатсыз кіргізген. Дәл солай, талапты орындамаған бизнесмендерге 6 миллионнан астам айыппұл салынған. Алайда, жалған сертификат жасатып, нарыққа еркін кіретіндер де аз емес дейді Техникалық реттеу және метрология комитетінің өкілдері.

“Қытайдың тауарларына берілген екі сертификатта олқылықтар анықталды. Өнімдерге бірқатар токсикологиялық сынақтар жасалмаған. Біз сол сертификатты берген Қырғызстан мамандарына бірден сұраныс жібердік, олар бізге үш күн ішінде сертификаттардың жойылғандығы туралы хабарлады. Өнімдерін заңсыз кіргізгендер жалған сертификат жасатып,  2025 жылға дейін тауарларын шектеусіз мөлшерде біздің елге тасымалдау құқығын алған”, – дейді ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Қуаныш Елікбаев.

Жалпы, өткен жылдан бері Комитет мамандары тек ойыншықтарды емес, тексерілмеген азық-түлік пен басқа да тауар түрлерін тасымалдауға мүмкіндік берген 422 сертификат пен 426 сәйкестік декларациясының күшін жойған. Кәсіпкерлерге 88 миллион теңге айыппұл салынған. Жауапты комитет өкілдерінің айтуынша, бұндай заңсыздықтар «Халал» деп танылған өнімдерден де анықталуда.

“ozgeris.info” порталы