1-сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуірден басталады

Фото: halygline.kz

ОКҚ алаңында өткен брифинг кезінде Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрайымы Гүлмира Кәрімова 1-сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуірден басталатынын айтты.

«2022 жылдың 1 сәуірінде 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін құжаттарды және балаларды мектепке қабылдау қызметі толығымен автоматтандырылған. 1-сыныпқа қабылдау Еgov.kz электронды үкімет веб-порталы арқылы жүзеге асырылады», – деді ол.

Еске сала кетсек, 1-сыныпқа толық 6 жасқа толған балалар қабылданады.

«Ол үшін баланың ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, 026/у-3 және 063/у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы құжат, сондай-ақ оқушының өлшемі 3х4 болатын екі фотосуреті қажет. Өңірлердегі Білім басқармалары әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы ата-аналар арасында балаларды мектепке қабылдау ережелері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді», – деп атап өтті Гүлмира Кәрімова.

Оның мәлметінше, биыл 1-сыныпқа 400 мыңнан астам бала барады деп күтіліп отыр.

ozgeris.info” порталы