Көне кітапхана қайта жанданды

1956  жылы 14-ақпанда  қазақ даласын астық алқабына айналдыру жұмыстарының ғылыми жобалары жүзеге аса бастағаны рас. Себебі тың жерді тгереміз деп негізсіз жыртылған жерлер мен астық егілген аймақтардың топырақ жағдайы мен астық тұқымының сапасын арттыру кеңестер одағы үшін аса күрделі мәселеге айнала бастаған.

Сонымен не керек сол 1956 жылы тікелей Мәскеудің нұсқаулығымен  (Целинный край)  Тың өлкесінің орталығы болып саналған Целиноград қаласынан не бары 60 шақырым жерде Шортанды ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының базасында ғылыми тәжірибелік кітапхана құрылды. Әрине ғылыми зерттеу статусы берілгеннен кейін ол жерге КСРО-ның түкпір түкпірінен ғалымдар мен мамандар, тұқым қаруашылығын зерттеушілер жиналды. Ғылыми жобалар басталды. Осылайша орталыққа аса күрделі, әрі әлемдік тұқым шаруашылығы мен зерттеу саласы бойынша ғылыми құжаттар жиналды. Және мұндағы ғалымдар ешқайда бармай сол жерде ғылыммен шұғылданып отыруы үшін бар мүмкіндік жасақталу керек болды. Сонымен,  1957 жылы орталыққа ғылыми кітапхана құру туралы нұсқаулық беріліп бар құжаттарды жинап кітапхана жасақтап шығады.

Кітапхананың жасақталуы тек орталық үшін ғана емес енді ауылшаруашылығы саласы бойынша білім алып жатқан студенттер мен ізденушілерге де таптырмайтын орынға айналады. Себебі сол кездегі Целиноград қаласындағы бір ғана ауылшаруашылығы иниститутының оқытушылары мен студенттері де осы орталықтың кітапханасына кезекке тұрды. Тек Целинограттық студенттер мен ізденушілер ғана емес барлық КСРО дан ғалымдар жиналып ғылыми еңбектерін тәжірибемен ұштастырды десек артық айтқандық емес.

«Тіпті 90-жылдардың басында мен де келіп осы ғылыми зерттеу институтынің кітапханасында ғылыми ізденуші ретінде жұмыс істедім. Көп әдебиеттерді ақтардым. Менің ғылым жолына түбегейлі түсуіме осы орталықтың кітапханасы өте көп әсер етті»,-дейді бүгінде Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығының Басқарма төрағасы Нұрлан Амангелдіұлы.

Осылайша құрып кетуге шақ қалған кітапхана қоры қайта жанданып, тамырына қан жүгірді деп айтсақ та болады. Кітапхананың кітап қоры бірегей болып танылды. 2021 жылы кітапхананы қайтақұру барысында ретрофонд құрылды, оған ботаника және биология бойынша ғылыми басылымдар, 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басындағы географиялық атластар мен энциклопедиялар кірді.

Кітапхана қорында және ғылыми әдебиеттердің, салалық энциклопедиялардың, сөздіктердің, анықтамалықтардың, ғылыми-зерттеу жұмыстарының есептерінің, библиографиялық, ақпараттық және мерзімді басылымдардың бай жинағы сақталған. Көптеген жылдар бойы қажетсіз болып қалған шетелдік және көркемәдебиет қорлары да қайта құрылды.

«Ия, тек бір адамды ғана емес көп ғалымды, мыңдаған маманың дайындалуына мүмкіндік жасаған осы бір кітапхананың жабылып қалғанын мен үшін өкініш болғаны рас. Сондықтан өткен жылы орталыққа басшылық қызметке келе салып музей мен кітапхананы қайта қалпына келтіруді қолға алдым»,-дейді Басқарма төрағасы.  

Бүгінгі таңда арнайы басылымдар: ғылыми, оқу және анықтамалық әдебиеттер, әдістемелік құралдар, ұсыныстар, диссертациялар мен авторефераттар С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің электронды кітапхана ресурсына енгізілген. Электрондық қор А.И. Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орталықтың қызметкерлері мен мамандарына пайдалану үшін қолжетімді болып отыр.

Қызметкерлердің тілектерін ескере отырып, кітапханада 18 орындық ыңғайлы оқу залы ұйымдастырылған. Студенттер мен ғалымдардың қажетті ғылыми әдебиеттер мен жұмыс істеуіне мүмкіндігі бар, мерзімді басылымдарға да тапсырыс беріліп отыр.

Орталықтың ғылыми кітапханасы Павлодар ғылыми-техникалық кітапханасының филиалымен ынтымақтастық қарым-қатынас жасайды. Тақырыптық әдебиеттерді іріктеу бойынша деректермен алмасу белсенді түрде жүргізілуде.

Бердібек Хабай