Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан Халық партиясының төрағасы болып сайланды

Қазақстан Халық партиясының XIX кезектен тыс съезінде партия басшылығының құрамы өзгерді, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ермұхамет Ертісбаев ҚХП төрағасы болып сайланды. ҚХП парламенттік фракциясының бұрынғы басшысы, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров төрағаның бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Айқын Қоңыров Қазақстан трансформацияның күрделі әрі өтпелі кезеңін бастан өткеріп жатқанын жариялады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары қоғамды демократияландыруға және билік тармақтарының теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталғанына назар аударды.

– Бұл процесте саяси партияларға маңызды рөл беріледі. Біздің партияның әділ демократиялық мемлекет құру туралы идеясы жан-жақты дамытуды талап етеді. Партияның трансформациясы жалғасып жатыр. Бұл үдеріс үздіксіз болуға тиіс. Партия басшылығы мен партия құрылымының құрамын тәжірибелі адамдармен толықтыру, мемлекеттік қызметте, өкілді органдарда, азаматтық секторда белсенді болу өзекті мәселе, – деді А. Қоңыров.

Съезд барысында ҚХП төрағасы лауазымына Ермұхамет Ертісбаевтың кандидатурасы ұсынылды.

– Ол көшбасшы, министр, депутат, дипломат ретінде танымал. Біздің партиямызға тәжірибесі мен білімі мол, мемлекеттік деңгейдегі саяси және қоғам қайраткерінің келуі алғаш рет болып отыр, – деп атап өтті көпшілік.

Өз кезегінде Ермұхамет Ертісбаев партия мүшелеріне сенім білдіргендері үшін алғыс айтып, сенімді толық ақтау үшін күш-қуатын, білімін және саяси тәжірибесін жұмсауға уәде берді.

«Қазақстан Халық партиясы – солшыл-орталық партия. Мен үшін бұл – өте маңызды. Мен өмір бойы социалист болдым», – деді ол.

Жаңа төраға қазіргі таңда  қазақстандықтардың ҚХП-ға деген сенімі айтарлықтай артып келе жатқанын атап өтті.

– Халық партиясы деген атаудың өзі уақыт өте келе оның мәслихаттарда,  Мәжілісте, Сенатта үстемдік ету керектігін меңзейді, – деді Ермұхамет Ертісбаев.