«Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Әгугай мен Игигай» қойылымы!

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді» дейді халық даналығы. Жас ұрпақтың танымын айқындау, бойларына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында «Алатау» дәстүрлі өнер театры біршама мектептермен өзара ынтымақтастық, мәдени байланыстар орнатты. Театр директоры – Ринат Рифхатұлы Заитов.

Биыл – Балалар жылы. «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Нұржан Тутовтың режиссерлігіндегі балалардың жақсылық пен жамандық, әділдік туралы көзқарастарын қалыптастыру, яғни қажетті адамдық сапаларды көрсетуді негізге алған «Әгугай мен Игигай» атты халық ертегілері мен дәстүрлі әндерден құралған балаларға арналған музыкалық қойылым жүріп жатыр.

Мектептерде ашық тәрбиелік сағаттардың өтетіні белгілі. «Егінші мен қасқыр», «Алдардың айласы», «Күй құдіреті» атты тақырыптарда өрбитін таптаурындықтан ада өзгеше өзіндік формаға ие «Әгугай мен Игигай» қойылымы мектептен тыс оқушылармен жұмыс үшін ұтымды әрі таптырмас тәрбие құралы.

Қойылым баяндаудан ғана тұрмайды. Ән, би, музыка қызықтыра түседі. Сондай-ақ пластика, мизансцена, декорация, жарық және т.б. өз деңгейінде. Оушыларды ертегі әлеміне ендіретін аудиториямен байланыс та ойластырылған.

Ертегі арқылы баланы жан-жақты тәрбиелеудің маңызы зор екенін әсте ұмытпайық!

Қуаныш Жұмабекұлы,
«Алатау» дәстүрлі өнер театры
Әдебиет бөлімінің меңгерушісі