«Алатау» дәстүрлі өнер театры «Наурызды» қалай тойлады?

«Наурызда Самарқанның көк тасы да жібиді» дейтін халқымыз Наурызды жаңарудың бастауы, іргесі сөгілмес бірліктің, ырысы төгілмес тірліктің арқауы деп бағалайды. Бұл күні мәнді көріністер, ұлттық ойындар көрсетіледі, әуелеткен ән мен күмбірлген күй, билеріміз ұсынылады, жеті түрлі дәмнен наурыз көже әзірленеді.

«Алатау» дәстүрлі өнер театры тамырын тереңнен тартқан осынау мейрамды тойлады. Театр 18 наурыз күні «Наурыз-думан» ойын-сауық ән кешін өткізген болатын. Ал 22-сі күні Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігімен бірлесе Театр алдында Наурыз мейрамына арналған театрландырылған сахналық қойылым ұсынды.

Қойылым-концерт ақсақал абыздың сахнаға шығып, жаңа атып келе жатқан күнге сәлем беруімен басталды. Ұлттық киімдегі адамдар сахнаның көрігін қыздырды.

Абыз «Уа атқан таң, шыққан күн! Ұлыстың ұлы күні!, Қарық қып құтты Наурыз, Қазанға толсын сары уыз. Қайнасын Наурыз көже де, Толтырып ішкей кесеңе», Жер Ана «Оян, өзен көлдерім, Оян, гүлді белдерім. Оян, сұлу тіршілік, Оян, көңіл құлшынып. Оян, сұлу дүние, Оян, жердің жүрегі, Оян, өмір әуені», – деп Наурыз тойын бастады.

Ән, күй, би, ақындардың арнаулары, шүкір жыры, өлең шумақтары, ойындар (той бәйге), хор, ансамбль, барлығы бірінен соң бірі халыққа арналып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтті.

«Алатау» дәстүрлі өнер театры ұжымы баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтайды!

Қуаныш Жұмабекұлы
«Алатау» дәстүрлі өнер театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі