Танымал ауыл блогері дәмхана әкімшісін бопсалап, ай сайын 20 мың теңге алып отырған

Алматы облысында ауылдағы танымал блогер бопсалау және алаяқтық үшін сотталды. Бұл туралы Алматы облысы ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды “ozgeris.info” порталы.

Тергеу барысында бірнеше рет алаяқтық, сондай-ақ бопсалау фактілері дәлелденді. Облыстық полиция тергеу мен сот соңғы бірнеше айда Еңбекшіқазақ ауданында өткенін нақтылады.

Іс материалдарындағы жауапкер ретінде бірнеше мың жазылушысы бар әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, жүргізетін Шелек ауылының жас келіншегі болған.

«Пандемия кезінде блогер ауылдық дәмханалардың бірінің әкімшісін бизнеске зиян тигізетін ақпарат таратамын деп қорқытып, одан ай сайын 20 мың теңгеге жуық заңсыз ақша алып отырған», — делінген хабарламада.

Еңбекшіқазақ аудандық №2 сотының қаулысымен сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы «Бопсалау» және 190-бабы «Алаяқтық» бойынша айыпты деп танылып, үкім шығарылды. Нәтижесінде 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Бұл ретте сотталушының кәмелетке толмаған балалары ескеріліп, жазаны өтеу олар 14 жасқа толғаннан кейінге қалдырылды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ», — деп хабарлады Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі.

”ozgeris.info” порталы