Телефоны жоқ, адамы жоқ «Қазақстан халқына» қоры қалай күн көрер?

Қаңтар айының басында ойнап, жүгіріп жүрген 10 жасар Әділеттің аяғы ісіп, ауыра бастайды. Ата-анасы Көкшетау мен Астананың емханаларына шұғыл апарып тексертсе остеосаркома (сүйектің қатерлі ісігі), қарапайым айтсақ рак деген диагноз қояды. Ортан жілігі жіңішкеріп кеткен. Қазақстанның мен деген врачтарымен ақылдасса, «сүйегін кесіп алып тастап, оның орнына метал салып береміз» дейді, яғни бала өмір бақи мүгедек болады деген сөз, жүгіріп ойнай ма, ойнамай ма, мен білмеймін. Бірақ барлық өмірі, аяқпен алысып өтері хақ.

Оған келіспеген ата-ана шетелге шығады, мұндай диагнозбен баланы Түркияның дәрігерлері емдеуге келіседі. Олар баланың сүйегін сақтап қана қоймай, қалпына келтіріп, емдеп, аяққа тұрғызып береміз деп отыр. Осы жерде айта кететін жағдай, Әділетті апарған емханада дәл сондай диагнозбен тағы бір қаракөздеріміз жатыр екен. Олар бірінші Қазақстанның дәрігерлеріне емдеткен екен. Ота жасатыпты. Нәтижесінде, Түркияға келіп естерін әрең жинап, өлім аузынан аман қалып, қайтадан емін бастапты. Қазақстан медицинасына қарғыстан басқа айтары жоқ. Енді ондай медицинаға Әділетті салып жіберу — балаға жасалған қылмыс.

Ем-дом ол жақта өте қымбат. Барлығы доллармен есептеледі. Әділетке 6 рет химия алу керек. Оған 90 000 $ бір деңіз. Тексеру, анализ анау-мынауына 8 000 $ екі деңіз, операцияның өзіне 110 000 $ қажет, үш деңіз. Стамбулда квартира жалдап тұру (ал ол жақта арзан емес екені барлығымызға белгілі), тамағы және бар. Квартира жалдамайын десе, Әділетті әр химиядан кейін демалдыруға үйге жібереді. Қазақстанға қайта ұшырып әкеп демалдыру қауіпті. Анасымен жатуға болмайды, сондықтан әкесі де, анасы да қасында.


Ал не істеу керек?! Әрине бірінші ой Қаңтар дүрбелеңінен кейін Президент «Халықтың жағдайы біз ойлағандай жақсы емес, кедей, орта жалақы 50 000 теңге» деп жар салып, «Қазақстан халқына» фондын құрғанын жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Я поручаю создать общественный социальный фонд «Қазақстан халқына» он будет заниматься решением реальных проблем в сфере здравоохранения, образования, социальной поддержки, например, помощью детям с редкими заболеваниями. Ведь для большинства семей расходы на лечение попросту не подъемные».

Шындығы сол. Әділеттің анасы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, әкесі жұмыссыз, такси болып жан бағып жүр. Қалай ойлайсыздар, мұғалімде осыншама ақша бола ма? Бұл жерде баласын шетелге алып кетіп бара жатқан анасына больничный ашуға болмайды екен. Заңмен қарастырылмаған. Қыдырып немесе жеке шаруасымен кетіп бара жатқан адам сияқты, ақысыз демалыс алуға тура келген. Ана мен баланы осылай қорғаудамыз. Ұлдан мынадай ауру табылғаннан кейін бірінші кезек «Қазақстан халқына» фондына өтініш жазды. Звондап білейін десе я телефон жоқ, барайын десе адресі жоқ.

Сөйтсек Жаңа Қазақстандағы «Қазақстан халқына» қоры сандық жүйеге өтіп кетіп, халқының бет жүзін, жылаған ананың сөзін естігісі келмейді екен. Оған да көніп, сайтқа жазып жіберді. Әр күні санаулы болған соң, «Қазақстан халқына» қорынан сол күйі жауап ала алмай ел-жұрттың жинаған қаржысымен Әділет Түркияға аттанды. Түркиядан операция, ем-дом бағасы шығып еді. Қордан да жауап келді. Ақша бермейміз деді. Нақты жауабы: «Фонд «Қазақстан халқына» внимательно изучил Вашу заявку, но к сожалению, вынужден ее отклонить, так как данный вид помощи оказывается в рамках государственных гарантий». Яғни, Қазақстанның дәрігерлерінің пышағына жат та, сүйектеріңді алдырып, металл тағып, өмірін мүгедектікпен өткіз дегенмен тең болды.

Президент айтты ғой: «…помощью детям с редкими заболеваниями. Ведь для большинства семей расходы на лечение попросту не подъемные» дейін десең, кімге айтасың? Әрқайсысы 600 000 жуық жалақы алып, миллиардтаған қаржы жинап алып, адамдардың тағдырын шешіп отырған жандардың мұртын балта шаппайтын шығар, бірақ АР-ҰЯТтарының басы шабылып жатқанын ұмытпағаны жөн.

Биыл Президент «Балалар жылы» деп жариялап, балаларымызды қорғайық деген ұрандар Әділет үшін құр сөзге айналып бара жатқанын ескереңіздер, «Қазақстан халқына» қорының басшылары. Ковид басталғанда да халық өзін-өзі қорғап, халық болып ИВЛ, кислородный баллондарын сатып алып, талай ауырып жатқан балаларға ел болып ақша жинап емдетіп шықты. Талайына ел болып үй де әперіп жатқанын көз көріп отыр. Әділет үшін де ел болып жылу жинап, асарлатуға тура келетін сияқты. “Кедей — жомарт” демекші халық көтеріп кетеді-ау, бірақ там-тұмдап жиналатын ақшаны уақыт сайқал күтіп тұрмайды, сырғи береді. Байсымақтардың ақшасына құрылған қорымыз да САРАҢ екен!

 

Саят ЫБЫРАЙ.