«Қажеті жоқ»: Бозымбаев Жаркенттегі резиденциясын балаларға тарту етті

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Жаркент қаласындағы резиденциясын балаларды оңалту орталығы жасауды ұсынды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды ozgeris.info.

«Сөз реті келгенде айта кетейін, осы Жаркент қаласында облыс әкімінің резиденциясы тұр. Жерінің көлемі 1 гектар. Маған сол резиденцияның қажеті жоқ. Ауданда қонатын жап-жақсы қонақ үйлер бар. Тамақты дәмді дайындайтын дәмханалар көп. Сондықтан резиденцияны балаларды оңалту орталығына өткізіп беремін. Бұл баласының өмір сүруі үшін әр сәтін күреспен өткізіп жатқан, ерекше балаларды бағып-қағып отырған ата-анаға өте керекті орталық болар еді. Орталық жеке меншік бола ма, мемлекеттік бола ма, бәрібір, ең бастысы оның дұрыс жұмыс істеп кеткені маңызды. Сондықтан өтініш, ұсыныстар болса, қарастыруға дайынмын», — деді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.

Жалпы Жаркенттегі облыс әкімінің резиденциясы 2013 жылы салынған. Бір қабатты ғимараттың көлемі 910 шаршы метр. Жер аумағы 1 га.