Нұрлан Дулатбек: «Ресейдің дипломын алған жастарда «басқа елге көшіп кету керек» деген психология бар»

Қазақстанда тұрып Ресейдің дипломын алған студенттеріміз отандық кәсіпорындарға жұмысқа тұра алмады. Сондықтан оларда «шетелге көшу керек» деген психология қалыптасты. Осы орайда, Қазақстандағы шетелдік университетте білім алған студенттеріміздің отандық кәсіпорындарда жұмыс істей алуын заңмен реттеуіміз маңызды, деп мәлімдеді академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, профессор, қоғам қайраткері Нұрлан Дулатбек, деп хабарлайды «ozgeris.info» «informburo.kz»-ке сілтеме жасап.

Профессордың айтуынша, 10-15 жыл ішінде 400-500 мыңға жуық қазақстандық Ресей дипломын алған.

«Біздің студенттеріміздің көрші елге кетіп қалуына байланысты көптеген ЖОО-да проблема болды. Статистикаға сүйенетін болсақ, көрші елде оқитын студенттеріміздің саны Қытай, Әзербайжан сынды мемлекеттердің көрсеткішін қосқандағы сан шығады. Мысалы, 50-60 мыңға жуық студенттеріміз кетіп қалды. Әрине, біздің жоғары оқу орындарында проблема болуы мүмкін. Өзіміздегі университеттерді осы үшін де дамытуымыз керек. Қанша дегенмен 50-60 мың жақсы кадрымыздың шетелге оқу іздеп кетуі бір жағынан қуантады, кей жағынан уайым туғызады», – деді Нұрлан Дулатбек.

Әрі қарай профессор Қазақстанда шетелдік университеттерді ашумен байланысты проблемалардың барына тоқталды. Айтуынша, мұндай университеттер берген диплом елде жұмысқа тұруға жарамауы мүмкін.

«10-15 жылдағы проблемаларды шешуге көмектесетін филиалдар ашылды. Тарихқа үңілетін болсақ, бұрын Ресей-Қазақстан университеттерін аштық. Бұл жерде бізде үлкен проблема болды. Жыл сайын осы университеттерде 20-30 мың студент білім алып шығады. Осылайша 10-15 жыл ішінде 400-500 мыңға жуық жастарымыз Ресейдің дипломын алды. Ол қалай? Өздері осы жерде тұрады, Ресейдің дипломын алады. Қазақстандық кәсіпорындарға тұру үшін оларға отандық диплом қажет. Сондықтан оларда «басқа елге көшіп кету керек» деген психология болды. Ал олардың ата-аналары елде қалып, экономикалық тұрғыда бізге проблема тудырды. Сол себепті филиалдар ашылған кезде заңды түрде бағыттап отыруымыз керек сияқты», – деп қосты Нұрлан Дулатбек.

 

«ozgeris.info»