Сарқан ауданында 50 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Сарқан ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 5 қабатты 50 пәтерлі тұрғын үйдің кілті табыс етілді.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған жалгерлік үйдің лентасын аудан әкімі Талғат Қанатұлы қиып, салтанатты түрде ашты. Бұдан кейін, өңір басшысы жүрек жарды лебізін білдіріп, сарқандықтарға пәтер кілттерін табыстап, қоныс тойларымен құттықтады.

Көпқабатты жаңа тұрғын үйден ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаға он пәтер, І, ІІ топтағы мүгедек жанға тоғыз, мүгедек баланы тәрбилеуші отбасыға он, көп балалы жанұяға алтау, толық емес отбасыға алты, зейнеткерге біреу, Ауған соғысының ардагеріне біреу, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерге алтау және тұрғын үйі авариялық жағдайдағы отбасыға бір пәтер берілді.

«Мен бүгін баспана кілтін алып, үлкен қуанышқа кенеліп отырмын. Осы қуанышты сәтті көп күттім. 10 жылға жуық жалдамалы үйде тұрып келдім, балаларыма ешқандай жағдай болмады. Енді жаңа серпінмен, ақ ниетпен киелі шаңырағымызға кіріп отырмын. Осындай қуаныштың себепшісі болған аудан әкімі Талғат Қайнарбековке, өзгеде азаматтарға алғысымды айтамын», — деп ағынан жарылды жаңа үйдің иесі көп балалы ана Перизат Құдиярова.


Жаңадан беріліп жатқан тұрғын үй заман талабына сай жасақталып, барлық коммуникациялық желілерге қосылған. Сондай-ақ, балалар ойнайтын алаңқаймен қоса автокөлік тұрағы да қарастырылған.
Айта кету керек, 5 қабатты 50 пәтерлі тұрғын үй жұмысына жалпы соммасы 505,630 млн. теңге қаражат бөлінген.

Ozgeris.info” порталы