Білім беру саласына қатысты маңызды заң жобасы қабылданды – Аймағамбетов

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында маңызды нормаларды көздейтін заң жобасы қабылданды. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов жазды, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.

«Халықаралық пәндік олимпиадалардың, сондай-ақ халықаралық орындаушылар конкурстары мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне жоғары оқу орындарында тегін білім алуға гранттар беру. Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері және олардың тәлімгерлері үшін біржолғы ақшалай төлемдер көзделеді. Естеріңізге сала кетейін, Президент өз жолдауында осы тапсырманы берген болатын»,– деді министр.

Ол жоғары білім беруде жаңа онлайн оқыту формасы енгізілетінін мәлімдеді.

«Енді ЖОО-лар оқытудың онлайн түрінде белгілі бір оқыту бағыттары бойынша кадрларды дайындай алады. Бұл — заман талабы. Бұл ретте біліктілік талаптарына сәйкес оқытудың белгілі бір бағыты бойынша (прокторинг, ақпараттық жүйе, цифрлық контент, кадрлар және т. б.) жеке лицензия алу міндетті болады»,– деп жазды Аймағамбетов.

Сондай-ақ қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихы оқулықтары енді еліміздің барлық мектебі үшін бірыңғай және базалық болмақ. Яғни бір оқу бағдарламасы және бір негізгі оқулық. Сонымен бірге 2016 жылға дейін болғандай, басқа пәндер бойынша оқулықтардың балама нұсқалары болады.