Әкімдік жүзден асқан әжелерге жаңа жылдан қалған тәттілерді сыйлаған

8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында аналарға сыйлық үлестірген әкімдік көпшіліктің сынына ұшырады. Түркістан облысы Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбектің жасы жүзден асқан әжелерге жасаған сыйлығы жаңа жылдан қалған тәттілер болып шықты, деп хабарлайды ozgeris.info порталы Экспресс К.сайтына сілтеме жасап.

Аудан басшылығының мерекелік тартуы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.

«Бір жылда бір келетін аналардың мерекесіне осылай қараса, басқа саладан қандай үміт күтуге болады? Іс-шараны ұйымдастыруға жауапты адамдар қайда қарады?», «Жаңа жылдан қалып кеткен кәмпиттері болар, қолдану мерзімін қараңыздар»,

— деп жазды желі қолданушылары.

Аудан әкімдігінің Facebook-тегі парақшасында әжелерді аудан әкімі арнайы барып құттықтағаны айтылған. Ал 8 наурызда жаңажылдық сыйлық алған аналар басшыларға батасын беріпті.