«Алатау» дәстүрлі өнер театры жылды қалай бастады?

Дәстүрлі өнермен синтезделген театрлық қойылымдардың саны мен сапасын арттыру, дәстүрлі өнер брендін дамыту, мәдени демалыстың алуан түрлі нысандарын ұйымдастыра отырып, мәдени құндылықтарды қолжетімді етуді негізге алған «Алатау» дәстүрлі өнер театрының биылғы іс-шаралары ерекше қойылыммен бастау алды. Театр директоры – Ринат Рифхатұлы Заитов.

2022 жыл – «Балалар жылы» аясында 15, 16 ақпан күндері «Әгугай мен Игигай» атты халық ертегілері мен дәстүрлі әндерден құралған балаларға арналған музыкалық қойылымның премьерасы болды. Осылайша өнер ұжымдары арасында алғашқы болып, балаларға арнап, эстафетаны бастады. Сонымен қатар «Ән-Мұхит» дәстүрлі музыкалық драмасы (18 ақпан), «Абай-Тоғжан» қойылымы (22 ақпан), «Мұқағалимен сырласу» поэтикалық кеші (24 ақпан), «Әгугай мен Игигай» музыкалық қойылымы (25 ақпан), «Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші (28 ақпан), «Еліме мың алғыс!» Алғыс айту күніне арналған мерекелік концерті (1 наурыз), Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Менің пірім- Сүйінбай» дәстүрлі VI республикалық жас ақындар айтысының финалы (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Assyltas қоғамдық қоры, Оразалы мектебімен бірге), 8 Наурыз – халықаралық әйелдер күніне орай «Анаға тағзым» атты концерт (Алматы қаласы Алатау ауданының әкімдігімен бірлесе) өтті.

«Алатау» дәстүрлі өнер театры биыл да бірқатар мектеп, колледж және т.б. ұйымдармен өзара ынтымақтастық, мәдени байланыстарға қол жеткізгенін айта кеткен жөн.

Дәстүрлі өнер қазақтың әлемге мейманасы тасып, көрсете алатын символы. Төл өнеріміз қашанда төрде болғай!

Қуаныш Жұмабекұлы
«Алатау» дәстүрлі өнер театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі