Бүгін — Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханның туған күні

“Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын” Бүгін осы сөздің авторы  «Алаш»  қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның туғанына 156 жыл толды.

Қазақтың жоғын жоқтаған, Әлихан Бөкейхан 1870 жылы бұрынғы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында (бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы) өмір есігін ашқан. Әкесі Нұрмұхамед Әлиханды тоғыз жасында молдаға оқуға беріп, зерек өрен кейін мектепте білім алады. Бұдан соң Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, үздік бітіріп шығады. Осылайша, 16 жасында Әлихан Омбының техникалық училищесіне түседі. Жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының шәкіртақысына ие болған ол Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтына түскен. Сабақпен қатар, саяси, әдеби, экономикалық үйірмелерге атсалысып, студенттік шерулерге қатысқан.

Әлихан Бөкейхан – даңқты қоғам және мемлекет қайраткері. Оның бастамасымен «Қазақ» газеті ашылды, «Алаш» партиясы, кейін Алаш Үкіметі құрылды. Автономия ретінде күш-қуатын бекіте түскен ел зиялылары Алаш әскерін жасақтады.

Әлихан Бөкейхан — миллиондаған қазақты «Алаш» идеясының төңірегіне топтастыра білген тұлға. Алайда большевиктердің езгісіндегі өзге ұлттармен бірге қазақтар да ХХ ғасырдың басында өз тәуелсіздігін ала алған жоқ. Қызыл террормен билік басына келген большевиктер қазаққа тағы да 70 жыл бодандықтың қамытын кигізді.

1937 жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан Кеңестік Республикалар Одағы Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясы «возглавлял контрреволюционную борьбу против Советской власти, устоновил связи с руководителями террористического центра в Казахстане и в Москве» деген жалған айыппен қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаған аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы 71 жасында елінен тыс жерде – Мәскеуде өлім жазасына кесілсін деген үкім шығарды.

”ozgeris.info” порталы