Еңбекмині: Жалақы бойынша берешек 901 млн теңгені құрайды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысқа алудың жаңа нысандарын реттеуді, еңбек жанжалдарын шешуге кәсіподақтардың қатысуын көздейтін заң жобаларын әзірлейді. Бұл туралы 2021 жылғы жұмыс қорытындысы мен 2022 жылға жоспарға арналған Еңбекминінің кеңейтілген алқа отырысы барысында ведомство басшысы Серік Шәпкенов хабарлады.

Министр еңбек қатынастарын реттеу мәселелері ерекше бақылауда екенін атап өтті.

Бүгінде 66 кәсіпорын мониторингпен қамтылған. Жұмысшылардың жалақы мөлшеріне наразылығына байланысты тәуекелдер әлі де бар. Олар негізінен Маңғыстау (27 кәсіпорын), Атырау (12) және Батыс Қазақстан (7) облыстарында байқалады. Қазіргі уақытта тәуекел аймағында орналасқан 46 кәсіпорын бойынша қызметкерлердің негізгі талабы – жалақыны арттыру.

Сондықтан жалдамалы қызметкерлердің жалақыларына олар үшін міндетті зейнетақы жарналарының түсуі негізінде талдау жүргізілді.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша қызметкерлердің 53,4%-ы (3,1 млн адам) 157 мың теңгеге дейін немесе «медианалық» деңгейден төмен жалақы алды. Еңбекақы мониторингінің нәтижесінде біз әкімдіктерге 2,8 мың ірі кәсіпорынның тізімін жіберіп, олармен кәсіподақтармен бірге жалақыны арттыруға байланысты жұмыс жүргізу қажет», – деді Серік Шәпкенов.

Оның айтуынша, уақытылы еңбекақы төлеу мәселесі тұрақты бақылауда. Бүгінгі таңда жалақы бойынша берешек 901 млн теңгені құрайды, оның ішінде ағымдағы және мерзімі өткен – 188 млн теңге, банкроттық кәсіпорындарында – 713 млн теңге.

«Жалақы берешегі мәселесіне көзқарас айрықша болуы керек. Әкімдіктер мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп, жалақы борышы бар әрбір кәсіпорынды, оның ішінде банкроттық кәсіпорындарды да егжей-тегжейлі қарастыруы тиіс», — деп атап өтті Еңбекмині басшысы.

Еңбек ресурстарының «hr.enbek.kz» порталында 2021 жылдың 1 желтоқсанынан бастап «Онлайн еңбек кеңесшісі» қызметі іске қосылды. Жұмыс беруші осы еңбек инспекторын алмастыратын сервиске жүгіне алады және интерактивті режимде жоспарланған немесе жасалған рәсімдердің дұрыстығын тексереді.
«2021 жылдың қорытындысы бойынша мыналарды атап өтуге болады. 23 мыңнан астам жұмыскердің жалақысы бойынша 5,6 млрд теңге қарызды өтеу қамтамасыз етілді. Өндірістегі жазатайым оқиғалардың саны 2,5%-ға азайды», — деп қорытындылады Серік Шәпкенов.

Сөз соңында, министр қазақстандықтарды лайықты еңбекпен қамтамасыз ету бойынша 2022 жылға арналған жұмыс жоспары жөніндегі ақпаратты жеткізді.

«Біріншіден, жалдаудың жаңа нысандарын реттеуді, еңбек жанжалдарын шешуге кәсіподақтардың қатысуын көздейтін заң жобалары әзірленетін болады.
Екіншіден, Еңбек жанжалдарының алдын алу және оларды шешу жөніндегі кешенді жоспарды, сондай-ақ Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарын өзектендіруді көздейміз. Жұмысшылардың жалақысын арттыру және өндірістік жарақаттануды азайту жөніндегі шараларға ерекше назар аударылатын болады», — деп хабарлады Серік Шәпкенов.