Қаңтар оқиғасы: қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңге беріледі

«Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесі 25 ақпанда өткен отырыста қаңтар айында орын алған оқиғалар кезінде қаза тапқан және ауыр жараланған әскери қызметшілердің отбасыларына, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ кездейсоқ құрбан болған азаматтардың отбасыларына, қаза тапқан және жараланған балалардың отбасыларына берілетін материалдық көмек мөлшері туралы шешім қабылдады. 

«Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры қаңтар айындағы оқиғалар кезінде қаза тапқандардың, сондай-ақ жарақат алғандардың отбасыларына көңіл айтады. Бұл жақынынан айырылған, жараланған әрбір адам үшін үлкен қасірет. Еліміз қайғылы оқиғадан кейін тиісті қорытынды шығарып, халқымыздың бірлігі нығая түседі және осы жағдай енді қайталанбайды деп сенеміз. Ешбір ақшалай төлем ет бауыр жақынның орнын толтыра алмайтынын түсінеміз», — делінген қордың мәлімдемесінде.

Оқиғаның кездейсоқ құрбаны болған қаза тапқан әскери қызметшінің, ішкі істер органдары қызметкерінің, Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерінің, азаматтық тұлғаның әрбір отбасына 7 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі. Ауыр жарақат алған әскери қызметшілерге, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ жараланған балалардың әрбір отбасына 3 млн теңгеден бөлінеді. Сондай-ақ, Қор қаза тапқан әскери қызметшілердің, ішкі істер органдары қызметкерлерінің, Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасыларына, сондай-ақ қаңтар оқиғаларының кездейсоқ құрбаны болған (қаза тапқан) кәмелетке толмаған балалары бар азаматтық тұлғаларға қосымша қайырымдылық көмек көрсету мәселесі бойынша жұмыс жүргізуде.