Шавкат Рахмонов UFC-дегі екінші жеңісінен кейін мәлімдеме жасады

Аралас жекпе-жекте өнер көрсететін қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов (14-0) бразилиялық Мишель Празереспен (26-3) өткен кездесуіне байланысты пікір білдірд, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Vesti.kz порталына сілтеме жасап. 

Бұл кездесу Лас-Вегас (Невада штаты, АҚШ) қаласындағы UFC Vegas 30 турнирінде өтті. Негізі айқас үш раундқа жоспарланған болатын. Бірақ екінші раунда қазақстандық спортшы қарсыласын қылғындыру әдісімен жеңді.

«Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Қазақстанның туын мұндай аренада көтергеніме қуаныштымын әрі мақтан тұтамын. Келесі қарсылас дейсіз бе? Осы кездесуден кейін рейтингте жақсы орында болатынымды білемін. Мүмкін үздік 15 спортшының қатарына да қосылатын шығармын. Үйге барып командаммен, бапкерлеріммен ақылдасу керек. Шынымды айтайын, Қазақстанды қатты сағындым. Отбасымды сағындым! Октоганға тезірек қайта оралуға тырысамын», — деді Рахмонов.

Айта кетейік, бұл Рахмоновтің аралас жекпе-жектегі 14-нші кездесуіндегі 14-жеңіс. Ал UFC ұйымында ол екінші жеңісіне қол жеткізіп отыр.