Балалар үйінен 63 млн теңге жымқырған директор мен есепші сотталды

Өскеменде балалар үйінен 63 млн теңге жымқырған бұрынғы директор, бас есепші мен кадр жұмысы бөлімінің инспекторы сотталды. Бұл туралы қалалық №2 сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Белгілі болғандай, олар алдын ала сөз байласып 2015 жылдың наурызы мен 2019 жылдың қаңтары аралығында балалардың қажеттілігіне бөлінген 63 150 581 теңгені жалған құжат жасау арқылы қалтаға басқан. 2019 жылы бас есепші әлеуметтік желіге видео жариялап, өз ісіне өкініш білдіріп, қаржы жымқыру схемасын әшкерелеген еді. Алайда директор мен кадр жұмысы бөлімінің инспекторы кінәсін мойындамады», — делінген ақпаратта.

Айта кетейік, сот үкімі бойынша үш айыпталушы да өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, 7 жыл мерзімге түрмеге қамалды.