Абаев: Ақшаның көп бөлігін спортшылардың әуе билетіне жұмсаймыз

Бүгін Бейжіңде өткен XXIV қысқы Олимпиададағы Қазақстан ұлттық құрамасының қорытындысы бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырысқа Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Парламент Сенатының депутаттары, Ақмола облысы әкімдігі, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті, министрлікке бағынысты ұйымдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ, жиынға мемлекеттік жаттықтырушылар, қысқы спорт түрлері федерациясы, спорт қауымдастығы мен Одақ басшылары келді.

«Бұл жағдай көңіл көншітпейді. Токиодағы сайыста нәтижелер аз болды. Бейжіңнен жүлдесіз оралған ұлттық құрамаға қоғам ренжулі. Көпшіліктің сыны орынды деп ойлаймын. Бұл Олимпиадаға дайындық қана емес, жалпы спорт саласында қордаланған мәселелердің бар екенін дәлелдейді»,- деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Министр бұл мәселенің шешу жолы — жүйелі жұмыс екенін атап өтті:

«Бұл жағдайды өзгерте салу оңай емес, тез әрі жылдам бола қоймайды. Ол үшін барлық деңгейдегі спортшыларды дайындау жүйесіне спорт секцияларынан бастап Олимпия ойындарын қалыптастыруға дейінгі кешенді өзгерістер қажет. Бүгінгі күні біздің алдымызда тұрған үлкен міндет – спортты дамыту бағдарламасының бастамасын әзірлеу. Оған спорт нысандарының құрылысынан бастап жарыс күнтізбелері мен оқу-жаттығу жиындарын жүйелеу, кәсіптік және бұқаралық спортты қаржыландырудағы балансты орнату, барлық деңгейдегі спорт мектептерін кадрлармен қамтамасыз ету, судьяларды, жаттықтырушыларды, спорт дәрігерлерін даярлау және осы секілді атқарылар жұмыстар көп. Әзірленген даму жоспарын ел Президентімен келісіп, оны жүзеге асыруға кірісеміз. Қазақстандық спортшыларды дайындайтын «Париж-2024» және «Милан-2026» бағдарламалары да осы жобаға енгізіледі. Бар жауапкершілік пен жүзеге асыру жұмысын министрлік өз міндетіне алуға дайын».

Д.Абаев спортты дамыту бағдарламасын дайындауды спортшыларды даярлау жүйесіне тәуелсіз кешенді тексеру жасаудан бастау керек екенін айтты. Сонымен қатар, министр ұлттық құрама спортшылары үшін қажет қолжетімді инфрақұрылым, білікті жаттықтырушылар тапшылығы, аз жалақы алатын спорт төрешілерінің мәселелеріне тоқталды.

Сонымен қатар, министр биатлон мен шаңғы жарысын дамыту бойынша пилоттық жобаның басталғанын жеткізді.
Министр спорттық резервті сапалы дайындау қажеттілігіне де тоқталды. 2022 жылдың 1 сәуірден бастап республикалық деңгейде олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалардың спортшыларын дайындау функцияларын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Спортты дамыту жөніндегі республикалық дирекциясы жүзеге асыратын болады. Министр жауапты вице-министрге дирекция қызметінің қысқа және орта мерзімді кезеңге арналған жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырды.

«Сізден сұрайтыным, Қазақстан Республикасы ұлттық құрамаларының дайындығын тиянақты жоспарлауға мән беріңіз. Ұлттық Олимпиада комитетінің күнтізбелік жоспарына қайта-қайта өзгерту мен толықтырулар енгізуді тоқтататын кез жетті. Осындай «жүйесіз» жоспарлаудың кесірінен біз ақшаның көп бөлігін спортшылардың әуе билетіне жұмсаймыз. Өйткені тығыз алынады. Сондай-ақ, дирекция әдістеме, күнтізбе, спортшылардың оқу-жаттығу барысы бойынша жоспарлар мен есептерді қатаң бақылауға алуы керек», — деді Дәурен Абаев.