Талғат Жақиянов: Украинада игерілмеген сланц газының бай қоры жатыр

Ресей Украинаға неге шүйлікті?

2014 жылы Ресей Қырымды алғаннан кейін Ялтада үлкен халықаралық жиын болды. 89 мемлекет өкілдері қатысты. Сол жиынға қатысқаным бар.

Сонда шиеленістің басты себебі экономикалық мәселелермен байланысты екендігін нақты ұқтым.

Украина жерінің астында игерілмеген СЛАНЦ ГАЗЫНЫҢ бай қоры жатыр. Тың күйінде.

Сланц газын өндіріп, пайдаға асыру үшін Украин билігі американдық компанияларды серіктестікке шақырған. Себебі сланц газы саласындағы барлау мен өндірудің жоғары технологияларына американдықтар иелік етіп отыр.

Екіжақты келісім жасалған соң американдық компаниялар барлау нәтижелері негізінде Украинаның бірнеше өңірінде зауыттар салуды жобалауды бастайды.

Сәйкесінше, бұл шешім Ресейге ұнамайды. Себебі оның Еуропаға бағытталған бірнеше газ құбырлары тоқтап, экономикалық зардап әкеледі. Еуропаны украиндық газбен жеткілікті деңгейде қамтуға болады. АҚШтың да бір күтілімі Ресейге осындай экономикалық соққы беру.

Қырымның жағалауында Қара теңіздің тұңғиықтарында энергияның тағы бір көзі анықталған. Ол — ГАЗОГИДРАТТЫҢ (газ кристаллдары) үлкен көлемдегі мол қоры. Оның құны мен қажеттілігін түсіну үшін интернеттен қарасаңыздар болады.

Украина газогидрат қорын да американдық компаниялардың көмегімен игеруді жоспарлады.

Сланц газы өндірісін жүргізуге, газогидратты игеруге мүмкіндік бермес үшін Ресей бірден Қырымға десант түсіріп, басып алды. Донбасс пен Луганскіде соғыс бастап, буферлік аймақ қалыптастырды.

Украинаның энергетика саласына қаражат құямын деген шетелдік инвесторлардың барлығы ойларынан бас тартып, үйлеріне қайтты. Себебі бизнес тек саяси тұрақтылық жағдайда ғана дамиды.

Зауыттар салу бастамалары белгісіз мерзімге тоқтады. Ресейдің газы Еуропаға жөнелтілуде. Осылайша, Ресей экономикалық мүддесімен қатар Еуропа елдеріне газ тасымалдау арқылы ықпал ететін саяси басымдықтарын да сақтап қалды.

«Орыс әлемін» қорғау мақсаты деген себептердің барлығы сылтау ғана. Донбасс пен Луганск халқы ендігі аралықта «Ресейге қосыламыз» деген иллюзиямен ғана өмір сүретін болады.

Меніңше, Ресей бұл аймақтарды ешқашан қосып алмайды. Ол аймақтар буфер ретіндегі рөлін атқаратын болады. Олар — Украинаға ықпал ету алаңдары. Украинаның энергетика саласына келген инвесторларды үркітіп отыратын «бөкидің» рөлін атқарады.

Ресей Украинаны да басып ала алмайды, басып алмайды да. ДНР мен ЛНР сияқты даулы аймақтарды да қосып алмайды.

Ресейдің бұл әрекеті екінші жағынан бұрышқа тығылған жыртқыш аңның әрекетін еске салады. Санкциялар арқылы жасалған қысым шегіне жетті. Экономикалық дефолттық жағдай әлеуметтік наразылықтарды қатты асқындыруда. Ішкі наразылық потенциал жарылғалы тұр.

Ресейде басқа амал қалмады. Ол соғыс ашу арқылы ең алдымен Шығыс Еуропа елдерін, одан кейінгі кезекте Батыс Еуропаға сес көрсетпек. Осылайша, оларды АҚШ бастаған санкциялардан бас тартуға мәжбүрлемек.

Келесі қайшылық нүктелері Шығыс Еуропада орын алуы мүмкін. Ресей ол елдерге де бағытталған іріткі саясатын бірнеше жылдар бойында жүргізіп келеді.

«Орыс әлемі» идеологиясының аясында Ресей Украинаның батыс бөлігінде отырған «Русин» этникалық топтарына қолдау жасап отыр. Олардың бір Украинадағыларының саны ғана миллионға жуық. Русиндер өздерін орыстармен жақын туыс халықпыз деп есептейді.

Міне, осы Русиндер Укранинамен бірге Польшаның, Венгрияның, Словакияның шекаралас өңірлерінде шоғырланып қоныстанған. Яғни бірнеше мемлекеттің іргелес өңірлерінде жақын қоныстанған. Ресей оларға осы елдердің аймақтарындағы жерлерін біріктіріп, Мемлекет құрып беруге көмектесемін деп отыр. Сәйкесінше, мұндай сепаратизм Шығыс Еуропа елдерінің территориялық тұтастықтарына зиян келтірмек.

Шығыс Еуропаның тыныштығының бұзылуы Орталық және Батыс Еуропаны да ойландыратын болады.

Жалпы, «Орыс әлемі» идеологиясы мәдени кеңістіктен шығып, саяси құралға айналғаны қашан…

«Орыс әлемі» идеологиясы әлем елдеріндегі 4 категория өкілдерін дамытуға және қорғауға бағытталған: славяндар, тарихи отандары Ресейде орналасқан этникалық топтар, орыстілділер және православтар (Орыс православ шіркеуіне тиесілі қауымдастық).

Көптеген елдердегідей, бұл идеология біздің елде де кеңінен жүргізілуде. Ойланатын мәселелер бар…

Талғат Жақиянов