Қаңтар қырғынында қаза тапқан офицердің кеше сәбиі дүниеге келді

Қаңтар оқиғасында қаза тапқан аға офицер Жандос Жағалбаевтың әулеті марқұмның қырқын берді. 27 жастағы марқұмның артында күні кеше дүниеге келген қызы мен 8 ай бұрын отасқан жары қалған, — деп хабарлайды ozgeris.info порталы Almaty.tv сайтына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің аға офицері Жандос Жағалбаев 6 қаңтарда оққа ұшып, мерт болған. Анасы соңғы рет ұлымен телефон арқылы тілдескен екен. Кейін, 7 қаңтарда ұлының мерт болғаны туралы суық хабар естіген.

27 жасында мерт болған Жандос тұңғышының дүниеге келуін асыға күткен екен. Жекеменшік пәтер алып, қызының өз үйінде өскенін армандаған. Алайда сол мақсатына жете алмай кетті, дейді марқұмның туыстары.

Ал алматылық полиция қызметкері Арман Байысбаев, 5 қаңтарға қараған түні Сейфуллин-Тимирязев көшесіне шұғыл жетіп, тәртіпсіздікті тоқтатпақ болған. Алайда басу айтқанға көнбегендер оны әріптестерімен бірге соққының астына алып, басын жарып, қабырғасын сындырған.

«Сол жерде өлдім деп ойладым. Аямады. Содан кейін бір кісі «Ұрмаңдар» деп шетке алып шығып, «Кетіп қал, әйтпесе, өлтіремін» деді. Бізде қару жоқ болды. Тек қалқан мен каска ғана болды. Басқа ештеңе болмады. Негізі, қарапайым халыққа қару қолданбаймыз. Бізде қару болған жоқ», — деді Алматы қалалық ПД патрульдік полиция полкінің инспекторы Арман Байысбаев.