Геймерлерге арналған компьютер Түркістан әкімшілігіне не үшін қажет?

«Әділдік жолы» РҚБ Түркістан қаласы филиалының goszakup.gov.kz порталына мониторинг жүрігу барысында  Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» мемлекеттік мекеме 2020 жылдың 10 қыркүйек «Прогресс» жеке кәсіпкерінен геймерлерге арналған компьютерді 1 485 000 тенгеге сатып алғаны анықталды.

Аталмыш лоттың техникалық сипаттамасын зерттеу келе, расында мұндай компьютердің техникалық тұрғыда қуатты және қымбат екеніне көз жеткен. Алайда лоттың сипаттамасында көрсетілген жабдықтағыштардың нарықтағы құнын зерттеу келе мұндай компьютердің құны 901 922 теңгеден аспауы тиіс екені анықталды. Түркістан қаласы әкімдігі бөлімінің сатып алған компьютер мен нарықтағы бағаның айырмашылығы 583 078 теңгені құрайды.

Әрине, әкімдіктің қызмет сапасын арттыру және тұрақтандыру мақсатында заманауи техникамен қамтамассыз ету қажет. Бірақ геймерлердің арманына арналған компьютер Инфрақұрылым және коммуникациялар бөліміне не үшін қажет? Бұлай сұрауымыздың себебі- аталмыш бөлім ауыр графикалық бағдарламалармен жұмыс істемейді. Бөлімнің құзыретіндегі жұмысты атқару үшін нарықтағы бағасы 200 000 теңгеден аспайтын «ортаң қол» компьютерлер де жеткілікті. Сонымен қатар, «супер-компьютерді» Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» жалпыға ортақ конкурс арқылы емес, «бір көзден тікелей сатып алу» арқылы өткізгені бізді күдіктендірмей қоймайды.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының 4 бабында мемлекеттік сатып алулардың негізгі принциптері жемқорлық жағдайларын болдырмау мақсатында мемлекеттік қаржыны оңтайлы және тиімді қолдану екенін есеретін болсақ, Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» бұл принциптерді елемей, мемлекеттік қаржыны тиімсіз игергені айдан анық.

Мемлекеттік сатып алуды мониторинг барысында анықталған факт бойынша тиісті органдарға хат жолданып, алдағы уақытта бұл мәселе бойынша оқиғаның қалай өрбігені жайында өздеріңізбен бөлісетін боламыз.

«Әділдік жолы» РҚБ

Түркістан қ. Филиал жетекшісі

Амангелді Қалыбек