Алтын алқа иегерін несие төлемегені үшін айуандықпен өлтірген

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты көпбалалы ананы айуандықпен өлтірген 25 жастағы ер адамға қатысты үкім шығарды. Енді ол қылмысын қатаң режимдегі колонияда өтейді деп жазды turkystan.kz.

«Алтын алқа» иегері, 35 жастағы келіншек әкімдік ғимараты жанындағы полиграфиялық мекемеде еден жуушы болып жұмыс істеген.

«Сотталушы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында өз еркімен кінәсін мойындады. Полиция бөліміне өзі келіп, қылмыс қаруын тауып берген. Өзі ұсынған. Қылмыстың ашылуына белсенді атсалысты», – деді облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Зарина Хамидуллина.

Тергеуде істің ақ-қарасы анықталып, сот күдіктіні 10 жылға бас бостандығынан айырды.

Қанды оқиға былтырғы қараша айының аяғында Жылыой ауданындағы Құлсары қаласында болған. Сотталушы «Алтын алқа» иегерін пышақтап кеткен. Ауыр жарақаттан келіншек оқиға орнында қайтыс болды. Қылмысты жасай сала ол анасына алып берген несиені төлемегені үшін өлтіргенін айтып, кінәсін мойындаған. Қомақты несиені сот сотталушының өзіне төлеуге міндеттеді.

Еске салсақ, пышақ жарақатынан көз жұмған әйелдің артында қалған 7 баланың кішісі – 5 жаста, ең үлкені колледжде оқиды.