Жамбылдық шаруа биогумус тыңайтқышын әзірлеуде

Жамбыл облысы Талас ауданына қарасты Тамды ауылында «Еркебұлан» шаруа қожалығының мүшесі Еркеғали Базарбайұлы екі жылдан бері биогумус тыңайтқышын әзірлеумен шұғылдануда , — деп хабарлайды «ozgeris.info» «ZhambylNews»-ке сілтеме жасап.

Биогумус — түрлі жауынқұрттар мен микроағзаларды пайдалана отырып өңделген өнім.

Еркеғали өз тәжірибесінде қызыл калифорниялық шылаушындарды пайдаланып отыр. Бүгінде ол шамамен 5 тоннаға жуық қидың өңделіп жатқанын және одан 2,5 тонна таза өңделген өнім шығатынын жеткізді. Өңделген биогумус өнімінің құнарлылығы өзге тыңайтқыштарға қарағанда 7-8 есе жоғары екен. 5 тонна мал қиының қалдықтарына 1 миллион қызыл калифорниялық шылаушын жіберілген. Олардың бір ерекшелігі қалдықтың құрамындағы ағаш, тамыр секілді заттарды жойып, майдалап, күшінен айырып жібереді.

— Екі жылдан бері осы биогумус тыңайтқышын ауламда көбейтіп отырмын. Әуелі 25 мың дана жауынқұрт сатып әкелдім. Оны өсіріп, 1 миллионға жеткіздім. Бұл тыңайтқыш ылғалды болғандықтан, литрмен өлшенеді. Бір литрі, шамамен 60-70 теңге. Өнімнің әр түбіне 200 грамм биогумус тыңайтқышы жеткілікті. Есесіне өнімділігі бірнеше есе жоғары болады. Егіс алқабына малдың қиын төгіп жататындар да бар. Малдың қиы кейбір сәтте егінді қүйдіріп жібереді. Ал биогумус тыңайтқышыныда ондай процестер жойылып кетеді, жерді құнарландыру 7-8 еселенеді. Өте тиімді. Осы биогумус тыңайтқышын биыл өзімнің егіс алқаптарыма пайдаланамын. Бәрі сәтті болып жатса, аталған тыңайтқышты өңдеу көлемін арттыра беремін, — дейді Еркеғали Жусанбаев.

 

 «ozgeris.info»