Аймағамбетов: Білімі жоқ мұғалімдер балалармен жұмыс істемеуі керек

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтердің ұлттық біліктілік тестілеуі туралы жаңа ақпараттармен бөлісті, деп хабарлайды ozgeris.info.

«2021 жылы алғаш рет педагогикалық бағытта білім алған 32 мың түлекті тесттілеуден өткіздік.
Тестілеу пилотты түрде өтті. Бірақ енді жаңа ережелерді қабылдағаннан кейін, биылдан бастап түлектер мектепке жұмысқа орналасу үшін педагогикалық жоғары білімі туралы дипломының болуы жеткіліксіз.

Енді қосымша тестілеуден өту арқылы «Педагог» біліктілігін алуға міндетті.
Бұл қалай жүзеге асырылады?

Бәрі өте қарапайым.
Мысалы, төрт жыл бойы математика мұғалімі мамандығын оқыған студент мектепке жұмысқа орналасуы үшін Ұлттық біліктілік тестін тапсыратын болады. Тестілеу сұрақтарында математика бойынша мектеп бағдарламасы мен сол пән бойынша сабақ беру әдістемесі қамтылады.

Жоғары оқу орнында шын мәнінде төрт курс оқып, қажетті білім алған студенттерге тест тапсыру қиындық тудырмайды.

Ал бірқатар себептермен білімі мен қабілеті балаларымызды оқытуға жеткіліксіз түлектер білім беру ұйымдарына қабылданбайды. Бізге сан емес, сапа маңызды. Тиісті деңгейде білімі жоқ түлектер балалармен жұмыс істемеуі керек»,– деді ол.

Айта кетейік, болашақ педагогтерді алғаш рет тестілеу көптеген жоғары оқу орны үшін үлкен сынақ болды. Бастапқыда белгіленген шекті деңгейді айтарлықтай төмендеткенімізге қарамастан түлектердің 46 пайызы ғана қажетті балл жинағай алған.