Павлодарда кісі өлтіріп, 13 жыл бойы қашып жүрген қылмыскер ұсталды

Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігінің жедел қызметтері іздеуде жүрген 300-ден астам қылмыскерді ұстады, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен 200-ден астам адам табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

— Мәселен, Павлодар облысының кенттерінің бірінде жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде павлодарлық тұрғынды атыс қаруымен атып өлтіргені үшін 2011 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген Данат Бакибаев ұсталды. Алматы облысында Сабыржан Масахбаев ұсталды. Ол 2023 жылдың аяғында Алматыда топ құрамында бола отырып, алдын ала сөз байласу арқылы Сингапур азаматына шабуыл жасап, 3 млн теңге мен 13 мың АҚШ долларынан астам ақшасын тартып алған. Ұсталған адамның сыбайластары бұрын құрықталған. Түркістан облысында полиция 10 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген Өзбекстан азаматы Жамшид Ахмедовты ұстады. Шетелдік Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» шекара бекетінде шекарадан өту кезінде қамауға алынды. Ер адам 2014 жылдан бері Ресей Федерациясының Иркутск қаласында кісі өлтіргені үшін іздеуде болған. ІІМ жедел бөліністерінің қызметкерлері Шымкентте көрші мемлекеттің құқық қорғаушылары алаяқтық жасағаны үшін іздеп жатқан тағы бір өзбекстандық Маруфжон Жураевты ұстады, — деді ҚР ІІМ криминалдық полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары Жангелді Табилов.