«Ер Едіге» спектаклі көрерменге жол тартпақ

18-20 ақпан күндері  «Ер Едіге» этно-фольклорлық тарихи драмасы ақтөбелік көрермендерге жол тартпақ. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының қазақ труппасы қазір қойылымға қызу дайындалып жатыр деп хабарлайды «ozgeris.info» тілшісі.

Ақын Светқали Нұржанның пьесасы негізінде қойылатын спектакльде, аты айтып тұрғандай, есімі аңызға айналған қолбасшы әрі батыр Едіге туралы баяндалады. Оның ат үстіндегі кезеңінің бір бөлігі негіз етіп алынған қойылым елімізде алғаш рет сахналанғалы отыр. Қоюшы режиссері —халықаралық фестивальдердің лауреаты, театр және кино актері Данияр Базарқұлов.

Аталған спектакльдің басқалардан ерекшелігі, мұнда Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармония артистері де өнер көрсетеді. Атап айтсақ, «Арайлы Ақтөбе» ансамблі мен қазақ камералық хорының әншілері фольклорлық туындыларды орындайды.

«Ер Едіге» этно-фольклорлық тарихи драмасы – қазақ тарихындағы ең жарқын кезең Алтын Орданың 750 жылдығы аясында облыс әкімінің қолдауымен сахналанған өр рухты батырдың ерлігін дәріптейтін тұңғыш қойылым. Ел билеуші Едігенің есімі ел аузында ұрандалып, ұрпақтар санасында елдік мүддені сақтап қалудағы батылдықтың үлгісі  болып қалыптасты. Спектакльде Алтын Орданың соңғы әмірі атанып, оны біртұтас мемлекетке айналдырған қайсар мінезді қолбасшының Әмір Темірмен байланысы, Тоқтамыс ханмен қақтығыстары көрсетіледі. Халқының бостандығы үшін өмірін қиған, жүрек жұтқан батырдың теңдессіз еңбегі тарих беттерінде мәңгілікке сақталары хақ.

Айта кету керек, қойылымның режиссері — Алмат Шарипов, қоюшы суретшісі — Айбек Орынбасаров.