Наннан улану, сирек кездесетін аурулар: «Салем мыстандарын» неге және кім өлім жазасына кесті?

330 жыл бұрын АҚШ-та «Салем мыстандарының» соты басталды. 1692 жылдың ақпанынан 1693 жылдың мамырына дейін созылған оқиға тарихтағы, құқық саласындағы ең күрделі әрі ең қиын процесс болып саналды. Сот шешімі бойынша 14 әйел мен 5 ер адам дарға асылып, бір айыпталушы азаптау кезінде, бес тұтқын түрме камерасында қайтыс болды. 150-200-ге жуық адам темір торға тоғытылды, оның ішінде 4 жасар қыз да бар еді.

1962 жылы 8 ақпанда пуритандықтар мекен ететін Салем қаласында бір дәрігер жаңадан диагноз ойлап тапты. Ол — мыстандарға шабуыл жасау. Дәрігер пастордың қызы мен оның немере ағасының ауырмайтынын, бірақ олардың шайтанның билігін мойындағанын жария етті. Осы жаңалықтан соң өңірдегі 200-ге жуық адамға сиқырмен айналысады деген айып тағылды. Әрқайсысын азаптады, мазақ етті, келемеждеді. 20 адам бұл қатігездікке шыдай алмай көз жұмды. Ғалымдар бұл сұмдықтың себебін әлі таппады. Корнелл университетінің тарихшысы Джордж Линеольн Беррдің пікіріне сүйенсек, Салемдегі ірі оқиғалар легі теократияны тас-талқан етуге мүмкіндік берген.

Оқиғаның басталуы.

Салем пасторы Самюэль Парристің тоғыз жасар қызы Элизабет пен оның он бір жастағы жиені кенет біртүрлі дыбыстар шығарып, бұрышқа тығылып, көзге көрінбейтін біреулер оларды түйреуішпен шаншып жүргенін айтқан. Паррис жұбатуға тырысқанда, екеуі де құлағын басып, мүлдем тыңдамайтынды шығарған. Ал дәрігер Уильям Григгс мұндай аурудың жоқ екенін айтып, қыздарды бақсылардың қарғысына ұшыраған деп топшылады.

Бұл «диагнозда» американдық уағызшы және діни моралист Коттон Мэтердің бір күн бұрын жарық көрген «Сиқырдың әсерінен уланған сана» (1689) кітабы да рөл атқарды. Бұл кітапта 1688 жылы Бостанға Ирландиядан келген кір жуушыға жұмыс берушінің балаларын сиқырлады деп айып тағылып, дарға асылғаны туралы жазылған.

Пастордың үйінен көп ұзамай күң болып жүрген Титуба есімді сиқыршыны тауып алды. Барбадосадан келген қара нәсілді ару (кейбір деректерде Үндістаннан келген) үйдегі балаларға қорқынышты әңгімелер айтып, сиқырға байланысты алып-қашпа өсек-аяңдармен бөліскен. Кейіннен науқастардың қатарына Элизабет және он екі жасар Энн Патнам қосылды.

1962 жылы қыздардың куәгерлігімен Титуба, Сара Гуд пен Сара Осборн тұтқындалды. Олардың сиқырмен айналысатынын дәлелдейтін түрлі сараптама жұмыстары жүргізілді, денелерінен «ібілістің ізі» сияқты белгілерді іздеді. Кейін Сара Гудтың қызы төрт жасар Дороти қамаудағы анасымен кездесу үшін өзінің сиқыршы екенін мойындады. Осылай барлығының жағдайы қиындай түсті. Күдіктілердің қатарына Марта Кори, Ребекка Нурсес және Рейчел Клинтон қосылды. Осы тізімдегі Марта Кори сиқыршыларды аулау процесін мазақ еткені үшін ұсталды.

Сәуірде Ребекка Нурзаның әпкесі Сара Клойес, Элизабет Проктор және тағы бірнеше әйел қамауға алынды.  Ер адамдар да қудаланды: Элизабеттің күйеуі Джон Проктор және Марта Коридің күйеуі Гиллес Кори.  Құжаттарда сол кезде тұтқындалған бұрынғы Салем пасторы Джордж Берроуздың да есімі бар.  20-сәуірде Энн Путнам өзін тұншықтырып, қорқытқан «діни қызметкердің елесін» көргенін баяндады. Тұтқындағылар құрметті пасторды өздерінің көшбасшысы деп жариялап, оларды ібіліспен  жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүр еткенін айтып, жалған жала жаба бастады. Ол кезде отыз шақты сиқыршының ісі қаралып жатқан. 1692 жылы 10 мамырда ауру кемпір Сара Осборн  мамырда басталатын сотты күтпестен түрмеде бірінші болып көз жұмды.

Уильям Фипс теңіз қолбасшысы және Массачусетс шығанағының бірінші губернаторы, ықпалды Мэтер отбасымен тығыз байланыста болатын. Сондықтан жоғары лауазымдарды иеленіп, судьяларды тағайындады. Олардың үшеуі әйгілі Cotton Mather кітабын жазған автордың достары  және бірі — лейтенант губернатор.  Оның үстіне Коттон Мэзердің өзі де сот процесін жіті бақылап отырды.  Сотта заң білімі жоқ Уильям Стюффон төрағалық етті. Негізгі дәлел қалада жәбірленуші қыздардың көрген-білгені, зәбір көрген айыпталушылардың өздігінен мойындауы болатын. Мазер кітабында жазылған барлық оқиға айна-қатесіз қайталанды. Тіпті қудаланғандардың бойын ібіліс билеп-төстейді деген қорқынышты теологиялық ойлар пайда болды.

2-маусымда алғашқы дарға асу үкімі шығарылды. Егде жастағы әйел Бриджит Бишоп 10-маусымда осылай өз өмірімен қоштасты. 19-шілдеде Сара Гуд өлім жазасын арқалап, оның төрт жастағы қызы түрмеде жетім қалды. Бұл бүлдіршін тарихтағы ең жас құрбан болып саналған. Кейін темір тордан босатылғанымен, бала кездегі психологиялық жарақаттардың әсерінен денсаулығында түрлі кінәраттар байқалған. Тіпті тек әйелдерді емес, олардың дәлелденбеген сиқырлары үшін балалары да қорлық көріп, өлім жазасына кесілген дейтін болжам бар.

Өлім жазасына кесілген Сара Гуд, мойнына арқан ілінген сәтте сот процесіне қатысқан діни қызметкер Николас Ноеске «сен өтірікшісің», «сен менің өмірімді алсаң, Алла сенің тағдырыңды қанға толтырады» деп  айқайлаған. Қарғыстың әсері болса керек, Ноестың көп ұзамай ішкі ағзаларынан қан кетіп, оған тұншығып өлген.

5-тамызда бұрынғы пастор Джордж Берроуз өлім жазасына кесілді. Түрме қызметкерлеріне ең көп қиындық пен кедергі келтірген де осы сиқыршы. Ол өлер алдында өз дұғаларын оқыды.

19-ы қыркүйек өз кінәсін мойындаудан үзілді-кесілді бас тартқан 80 жастағы бай фермер Гиллес Кориге басқа жаза тағайындалды. Оның денесіне үлкен тастарды қою арқылы, «салмақпен азаптау» қолданылды.  Ол екі күн бойы сол тастардың астында жатып, қиналып өлді. Тіпті ол тез өлтіру үшін тағы да тастар қосуын сұраған. Ал жұбайы Марта жеті күннен соң ажал құшты.

Айыпталушылардың қатарында Топсфилд, Андовер, Бостон сияқты ерекше қала тұрғындары да бар еді. Тіпті қаланың ең құрметті азаматтарының бірі, теңіз капитаны және үнді соғыстарының қатысушысы Джон Олден де Бостонда бақсылық жасағаны үшін сотталғандардың қатарында болды, бірақ бес аптадан соң ол түрмеден қашып үлгерді.  Кейіннен Лонгфеллоу оны «Майлз Стейндиштің кездесуі» поэмасының кейіпкерлерінің біріне айналдырды.

Жәбірленуші деп танылған қыздар ақыр соңында сот процесіне рұқсат берген Уильям Фильпстің әйелін де «сиқыршы» деп айыптады. Әбден үрейленген Уильям кейін «өлім» жазасына кесу құқығын алып тастады. Бұл іске Коттон Мэтердің әкесі, сол кезде Гарвард колледжін басқарған белгілі теолог Инкрис Мэтер араласты. 

Ол жазықсыздарды азаптап, өлтіргенше, бірнеше кінәсі дәлелденбеген адамдарды жіберген дұрыс дейтін адамгершілік идеясын ұсынды.

Қалай болғанда да, түрмеде қалған «ібіліспен байланысқан» 33 адамның 28-і көп ұзамай қамаудан босатылып, ал қалған бес адамның істерін қарау үшін Массачусетс Жоғарғы соты құрылды. Ол 1693 жылы мамырда түрмеде қалғандардың барлығын  губернатор босатып, оларға рақымшылық жасады.  Салем соттары аяқталды, 19 адам дарға асылды, Гиллес Кори азаптап өлтірілді, тағы бес тұтқын белгісіз себептермен түрмеде көз жұмды.  Түрмедегі бір күңді соты болмаған соң басқа байға сатып жіберді. 1697 жылы билердің өздері қателік жібергенін мойындап, 1702 жылы олардың шешімі ресми түрде заңсыз деп танылды.

1706 жылы  Энн Путнам бар қателігі үшін үшін ібілісті айыптап, жазықсыздарға қарсы жалған куәлік еткенін мойындады. Элизабет Перрис пен Эбигеил Уильям көпшілік алдында кешірім сұрамағанымен, оларды халық қатаң сынға алды. Эбигейл үйленбеді, оның есімі ұмытыла бастады, ал Паррис 1710 жылы 27 жасында көпес Бенджамин Баронға тұрмысқа шықты. Одан үш қыз және бір ұлды дүниеге әкелді. 1760 жылы 21 наурызда 77 жасында Паррис Конкордта қайтыс болды.

Ғалымдар қазіргі таңда сол жылдары Салемдегі оқиғаның не себепті басталғанын зерттеу арқылы бірнеше ғылыми нұсқаларды ұсынды.  1976 жылы «Science» журналында тағы бір материал жарық көрді. Онда жәбірленуші қыздар Claviceps purpurea тұқымынан зардап шегіп,  қара бидай нанымен уланғанын, соның әсерінен галлюцинация ауруына шалдыққаны туралы мақала пайда болды, бірақ кейінірек бұл нұсқа теріске шығарылды.  Сондай-ақ қыздар энцефалиттің ерекше түрі – «летаргиялық энцефалит» немесе Хантингтон ауруына шалдыққан деген ұсыныстар бар.  Психологтар пуритандардың психикалық ерекшеліктерін атап көрсетеді.  Экономистер, әлеуметтанушылар мен заңгерлердің ойынша, биліктегілерге сиқыршылықты айыптау олардың экономикалық заңды мәселелерін шешудің ыңғайлы жолы ретінде қолданылған.

Салемде «пастор» лауазымында ұзақ тұрақтаған адам болмады.

Әйгілі Элизабеттің әкесі Реверенд Паррис өзі үшін жаңа артықшылықтар іздеп, приходтар арасындағы алауыздықты күшейтті.  Ол өз табының «заңсыз мінез-құлқына» жүгіну арқылы өз билігін кеңейтуге тікелей мүдделі болды. Шіркеудің құрметті мүшелерін кішігірім құқық бұзушылықтары үшін көпшілік алдында сынап, осылайша қоғамдағы ірі шиеленістің орын алуына ықпал етті. 

Айжан СЫЛАНОВА