Қазақ тілін меңгеріп, текемет тоқуды үйренген жапон қызы Чиеко

Баян-Өлгейде 2 жыл бойы тұрақтап, қазақ тілін жетік меңгеріп, тіпті құрақ көрпе, сырмақ, текемет тоқуды сүйікті ісіне айналдыра білген жапон қызы туралы білесіз бе? Ендеше ozgeris.info порталы сіздерге қазақ салт-дәстүріне ерекше ықылас танытып жүрген Чиеко Хирота атты ару қызбен таныстырады.

Чиеко Хирота жайлы ақпаратты журналист Айгерім Бегімбет ханым өз инстаграм парақшасында жазды.

Чиеко қазір Жапонияда тұрады. Қазір докторантураға түсіп, қазақтың қолөнерін зерттеуді қолға алды.

«Мектеп бітірген соң Токиодағы шет тілдер университетіне, моңғол тілі мамандығына оқуға түскен. Сосын тілді ары қарай жетік меңгеру үшін Моңғолияның астанасы Ұланбатырға барып, бір жыл оқиды. Арасында достарымен Баян-Өлгейге қыдырып барып, қазақша сөйлеп жүрген адамдарды көріп, қызығады.

Сөйтеді де оқу бітірген соң киім-кешегін жинап, Баян-Өлгейге көшіп барады. Екі жыл Көгершін деген ағаның үйінде тұрып, қазақ тілінен бөлек, сырмақ, текемет тоқуды, кесте тігуді үйренеді .

“Олар мені өз қыздарындай көрді. Бар жылы-жұмсағын аузыма тосты. Басында қазақша түк түсінбейтінмін, адамдар не айтып жатыр екен деп таңғалып қарайтынмын. Кейін “бауырсақ”, “дастархан, “шай іш”, “тамақ же” деген сөздерді іштей жаттап, қайталап үйрендім, сосын сөз тіркестерін, кейін сөйлем құрай алатын болдым. Шайды көп ішіп үйрендім. Мені шайгүл деп те атайды” деп күледі Чиеко.

Шайгүл атанып кеткен Чиеконың қазақтың тіліне, ою-өрнегіне деген ықыласы ерекше. Қазір алпауыт мемлекеттердің бірі Жапонияда кесте тігу мен текемет тоқудан лекция, көрмелер өткізеді. Өзімізден бөлек өзге жұрт та қазақтың дәстүрін әлемге танытып әлек. Керемет, иә?

«Баян-Өлгейде қазіргі сәтке дейін әрбір үй текемет, сырмақ, тұскиізді өздері тігеді, киіз басады, кілем тоқиды. Олардың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып кеткен.

Чиеко бізде де солай деп ойлаған ғой. Қонаққа барған үйлерінен “неге сіздер текемет, тұскиіз ілмейсіздер, неге қолдан тоқылған дүниелер жоқ?”деп таңғалып сұраған. Ал олар ондай дүниелерді тек музейден барып көруге болатынын айтқан. “Бұл менің жүрегімді ауыртты” дейді Чиеко. Мен оған қазір біз заманауи тұрмысқа көшіп кеткенімізді айтып, түсіндіріп, шымкенттік қолөнершілерге қонаққа апардым. Қаланы қыдырттым», дейді Айгерім Бегімбет өз инста парақшасында.

Бір қызығы Чиеко қазір тіпті өзіміз аса көп қолданбайтын «түйіншек» атты әдемі сөзімізді қолданып, фейсбук парақша ашып қойды.


«Бір күні Чиеко фейзбуктан “Түйіншек” деп парақша ашып қойыпты. Оқығанда жүрегім жылылыққа бөленді. Өзімнің сөздік қолданысымнан шығып бара жатқан сөз. Марқұм апам түйіншекке түйіп, тәттілер сақтап жүретін еді. Қазір ешкім түйіншек түймейді. Сол үшін де шығар, осы сөзді ұмытып бара жатқаным», делінген Айгерім Бегімбет парақшасында.

Расымен, мәдениеті жағынан да, экономикасы, жалпы даму жағынан алдыңғы қатардан табылатын Жапонияның тұрғыны қазақтың дәстүрін, әр ою-өрнегін әлемге танытып, докторлық қорғап, көрме дайындайтыны жүректі жылытады.

Ozgeris.info порталы Чиеконың өзімен байланысқа шыққан еді. Алайда қазір докторлық жұмыс жазып, қолы тимей жүргенін, алдағы айда міндетті түрде кері байланыс орнататынын айтты.

Інжу ӨМІРЗАҚ,

Ozgeris.info порталы