Түркістан облысында 42 қылмыстық іске қатысы бар ер адам ұсталды

Түркістан облысының полицейлері 40-тан астам алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні ұстады. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлайды.

Түркістан облысында тұрғын полицияға арызданып, белгісіз біреу әлеуметтік желідегі парақшасына бұзып кіріп, атын пайдаланып, таныстарынан ақша сұрап алып, 55 мың теңге шығын келтіргенін айтқан.

Полиция мәліметінше, аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынды.

Жан-жақты жүргізілген тексерулер нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Тәртіп сақшылары оны Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен ұстады. Ол жұмыссыз, Жамбыл облысының тұрғыны болып шықты. Полиция бөліміне жеткізілген жас жігіттің, Астана қаласының сотымен осындай 42 қылмыстық іс бойынша іздеуде жүргені анықталды, — делінген мәліметте.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Оның жәбірленушілерге келтірген шығын көлемі 2 миллион теңгеге жуық.

Фото: POLICE_of_KZ