Нарықтағы ең төмен пайызбен несие алып, баспаналы болған тұрғын өз тәжірибесімен бөлісті

Павлодар қаласының тұрғыны Айсұлу Сенкібаева  – нарықтағы ең төмен пайызбен несие алып, баспаналы болған бақытты аналардың бірі. Көп жылдан бері тұрғын үй тауқыметін тартып келген көпбалалы келіншек бүгінде үш бөлмелі кең пәтердің иесі. “Отбасы банк” арқылы басыбайлы баспанаға қол жеткізген Айсұлу Stan.kz тілшісіне мақсатына қалай жеткенін айтып берді, деп хабарлайды ozgeris.info порталы.

Павлодардағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші болып жұмыс істейтін Айсұлу Сенкібаева екі қыз, екі ұлдың анасы. Балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған келіншек пәтерден пәтерге көшіп, төзімі әбден таусылғанын айтады. Кейін құрбысының кеңесін тыңдап, Отбасы банкінен депозит ашып, қаражат жинай бастайды

“Отбасы банкінен салым ашып, қаражат жинауыма өзім сияқты төрт баланың анасы себепкер болды. Танысым жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама бойынша үй алуға болатынын тәптіштеп айтып берді. Оны естіп, банкке барып, үй алуға болатын бағдарламалар жайлы толығырақ сұрап білдім. Ізінше депозит ашып, оған шамалы қаражат құйдым. Алайда күнкөріс қамымен жүріп, депозитті тұрақты толықтырып тұрмадым. Кейін оның бары мүлде есімнен шығып та кетті. Үй алар кезде шотымда небәрі 38 мың теңге болатын”, – деп еске алды Айсұлу. 

Алайда “Бақытты отбасы” бағдарламасы келіншектің үй аламын деген үмітін оятқандай болған. 

“Өтініш бергеннен кейін 10 күннің ішінде оның қабылданғаны туралы хабарлама келді. Отбасы банк шақыртуымен филиалға келіп, кеңес алдым. Екі аптаның ішінде қажетті құжаттарды рәсімдеп, негізгі жұмысты аяқтадық. Бірақ үш айдың ішінде алғашқы жарна сомасын депозитке салу керек болды. Бір қуанарлығы, туыстарым, әсіресе әкем мен сіңілім көп көмек көрсетті. Солардың арқасында бастапқы жарна сомасын жинай алдым”, – дейді ол.