Қайрат Боранбаев құны 1,4 миллиард теңгеден асатын қонақ үй кешенін мемлекетке қайтарды

Тергеу мен ерікті ынтымақтастық аясында қаржы мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевтың мүлкін мемлекетке қайтару шараларын қабылдауда.

Қайрат Боранбаевтың компаниялары мемлекеттік мүлік комитетіне жалпы құны 1,4 миллиард теңгеден асатын «Comfort Hotel Astana» қонақ үй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер берді. Аумағы 5 мың шаршы метрден асатын бұл қонақ үй кешенінің жылдық айналымы 900 млн теңгеге жуықтайды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл нысанды демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастырумен әлеуметтік мақсатта пайдалану жоспарлануда.

Активтерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

Айта кетейік, өткен жылдың наурыз айында Қаржы мониторингі агенттігі Қайрат Боранбаевқа қатысты квазимемлекеттік сектордағы аса ірі көлемдегі қаражатты ұрлау фактісі бойынша тергеуді бастаған болатын. 17 наурызда елордалық сот Қайрат Боранбаевтың қамауға алынғанын хабарлады. Ол «ҚазТрансГаз» АҚ-ның ақшасын жымқырғаны үшін 6 жылға сотталды. Кейіннен кәсіпкер  Ақмола облысындағы қауіпсіздігі орташа колонияға ауыстырылды.