“Ақ жол” партиясы банктер шығарған 6 триллионды қайтаруды талап етті

Бұқаралық ақпарат құралдарында Дүниежүзілік банк сарапшыларының мәліметі бойынша 2009-2020 жылдар аралығында екінші деңгейлі банктерді құтқаруға бөлінген жалпы 8,2 триллион теңгенің тек 1,9 триллион теңгесі ғана банктер тарапынан қайтарылғаны туралы ақпарат жарияланды. Яғни, еліміз мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін қаражатқа мұқтаж болып тұрса да, банктер әлі күнге дейін 6 триллион теңгеден астам қаржыны сол күйі қайтармаған, бұл туралы Ақжол партиясы депутаттары тиісті сауал жолдады, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Еске салсақ, Ұлттық қордан бөлінген қаржы  7 қазақстандық банкке аударылды. Пайыздық үлесте Halyк Bank-62%,  Jusan- 22%,  Forte -5%, қалған RBK, Eurasian, Centr credit, Nur bank — 11 %-дан бөлінген мемлекеттен қаржы алды. Осылайша, банктерге деген мемлекеттік көмектің негізгі бөлігі нақты таңдаулы банктерге бөлінген.

Дүниежүзілік банк сарапшылары атап көрсеткендей, мемлекеттік қаражатты міндеттемелерді белгілемей пайдалану әділетсіз тәжірибе екенін атап өтті. Бұл мемлекеттік экономикалық саясаттың тиімділігі мен ашықтығына үлкен күмән туғызады. Бұл мемлекеттің банк секторына қатысты теңгерімсіз саясатты аңғартады.

Осыған байланысты «Ақ жол» партиясы өз сауалында:

1) ашық дереккөздерде жарияланған ақпаратты тексеріп, Дүниежүзілік банк сарапшыларының мәліметтерін растауды немесе жоққа шығаруды сұрайды.

2) Халықтың алты трлн. қыруар қаржысын желге шашқаны үшін нақты кім жеке басымен жауап береді?

3) Мемлекеттік органдар, ең алдымен Ұлттық банк бұл қаражатты қайтаруға қажетті шараларды атқарып жатыр ма?

4) Қаражатты жай қайтарып қана қоймай,  инфляцияны ескере отырып, оған Ұлттық банктің осы жылдарда жинақталған базалық мөлшерлемесін де қоса қайтару қажет.

5) Бұл мәселені заңсыз шығарылған активтерді қайтару шеңберінде қарастыру қажет, делінген сауалда.